Қызылорда облысындағы Кіші Арал теңізіне құйылатын судың көлемі артып келеді. Өткен жылдың күзінен бүгінге дейін айдынға 2 миллиард текше метрге жуық су жіберілген. Жағалаудан 500 метрге тартылған теңіз қайта тола бастады. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы балықшылармен бірге теңізге шығып, ауыл жұртының тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтты.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Бүгінде теңіздің деңгейімен бірге балықшылардың да еңсесі көтерілген. Несібесін су айдынынан тапқан аралдықтар биылғы олжа жылдағыдан жоғары деп отыр.
Бір кездері айдында балық қоры азайып, ауға ештеңе ілінбей құр қайтқан кездер көп болды дейді тұрғындар. Биыл мол су келіп, Кіші Аралда тіршілік жанданған. Теңізден су маржанын сүзген балықшылардың ауызы майланып, күнкөрісі түзеліп келеді. Ата кәсіпті нәсіп етіп отырған жұрт енді бірер жылда теңіздің ернеуі толатынына сенеді.
Қылышбек Байбосынов, балықшы:
Су келген соң балық көбейеді деп отырмыз. Қуаныныштымыз. Балықшылар балық аулап, күнін көреді.
Жалпы егін маусымында тамшы су келмейтін Кіші Аралға биыл жаз бойы секундына 30 текше метр су жіберілді. Сырдрияның суын егінге үнемді пайдаланудың арқасында теңіз де еншісін алды. Қазір аудандағы ірі көлдер жүйесіне де су жетіп, жан-жақта балық шаруашылығы қайта жанданып жатыр.