Ресейдің 5 облысымен шектесетін Батыс Қазақстан өңірінің көршілермен сауда-экономикалық, мәдени байланысы берік. Екі ел арасындағы тауар айналымы бірнеше есе артқан. Көрші елдегі қандастарымыз да атажұрттан алыстамай, барыс-келісті үзген емес.
Ағаш тақтайдан түрлі өнім шығаратын бірлескен кәсіпорын былтыр ашылған. Шикізатты Ресейден алады. Дайын өнімді Еуропа елдеріне, АҚШ-қа жеткізеді. Тек осы цехта 70-ке жуық адам еңбек етеді. Тапсырыс көп болғасын, екі ауысымда жұмыс істейді.
Азамат Исмағұлов, жұмысшы:
Бәрі автоматтандырылған. Мұнда бұйрықты енгіземіз. Сосын кесіп, сызбаны тексереміз. Әр диаметрін, ойықтарын, соның бәрін қарап, тексеріп, бәрі жақсы болса, станоктан шығарып, осылай жинап, қаптаймыз.
Өңірде шетелдік өндіріс орындарымен біріккен 75 компания бар. Солардың 48-і ресейлік кәсіпорындармен әріптесе жұмыс істейді. Зауытта айына 1000 текше метр ағаш тақтай қайта өңделіп, одан 600 текше метр өнім шығарылады.
Руслан Габдуалиев, кәсіпорын бас директорының орынбасары:
Ағаш тақтайды Ресейден аламыз. Қазір қазақстандық фанера шығаратын зауыттармен келісім жасап жатырмыз. Ойымыз келешекте толық отандық шикізатқа көшу. Өнімге сұраныс жоғары. Германия, Бельгия, Испания, АҚШ елдеріне жеткіземіз.
Жергілікті кәсіпорындар көрші елге консервіленген тағам, макарон, кондитер өнімдерін экспорттайды. Трансформатор, құбыр, әйнек секілді өнеркәсіп өнімдері де бар. Екі ел кәсіпкерлері өзара сауда-саттық, қызмет көрсету, тасымалдау саласында тығыз байланыс орнатқан.
Жанна Бекқалиева, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Ресей Федерациясымен тауар айналым 3%-ға өсіп, 865 млн АҚШ долларын құрады. Биылғы 9 ай қорытындысы бойынша, 528 млн АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы экспорт үлесі 20%-дан асқан. Батыс Қазақстан облысы шекаралас облыс болғандықтан, екі жақтың бизнес өкілдері тығыз байланыста.
Мәдени-рухани байланыс та үзілген емес. Ақжайыққа көрші өңірде тұратын қандастар жиі келеді. Облыс өнерпаздары да ұлттық өнерге сусаған қаракөз бауырларды қуантуға бейіл.
Мәтенияз Сүлейменов, «Ақ жол» Самара қазақ ұлттық мәдени автономиясы президентінің бірінші орынбасары:
Біздер Самарада қанша іс-шара өткізгенде Оралдың филармониясы көмек беріп, жыл сайын келіп жүрді. Бүгін енді уақыт тауып, шекарадан өтіп, осындай керемет жақсы концертке келіп отырмыз. Біздің жақта қазақтар шөлдеп қалды ғой осындай әндерге. Жастарға, балаларға қазақтың дәстүрін, тілін үйретіп жатырмыз.
Көрші ел кәсіпкерлерінің ынтымақтастығына көзбе-көз кездесіп, тәжірибе алмасудың септігі мол. Бизнес өкілдері осы айдың соңында Уфада өтетін өңіраралық форумға қатысуға белсенділік танытып отыр.