Еліміздің басым бөлігінде ауа райы күрт бұзылды. Жолдардағы көлік қозғалысы қиындап, коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуге кірісті. Синоптиктердің алдағы күндерге болжамы да көңіл көншітпейді. Полиция және төтенше жағдайлар қызметі халыққа дүркін-дүркін ескертулер жариялап жатыр.
Бас қаладағы коммуналдық қызмет тәулік бойы тоқтамай қар тазалап жатыр. Әкімдіктің ақпаратына сай бүгін 1300 арнайы техника және 2400 жұмысшы қала көшелерінде жүр. Бір аптаның ішінде 57 мың текше метр қар қала сыртына шығарылған. Ережеге сай, ең алдымен үлкен көшелер мен өте қарқынды қозғалыс аймақтары тазартылады.
Әнуар Магалов, «Астана тазалық» мекемесінің өндірістік техника бөлімінің бас маманы:
«Астана тазалық» мекемесі Астана қаласының 40 пайыз көшелерін тазалайды. 6 қарашадан бері 16 тоннаға жуық қар шығарылды. Көктайғақ жағдайларында 1700 тонна химиялық қоспалар шашылды.
Түні бойы түскен қар әлі толық тазартылып болмады. Астана қаласының өзінде өткен демалыс күндері 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
CTS компаниясының мәліметі бойынша қала көшелеріндегі қозғалыс баяулаған. Яғни, автобустар кешігіп келуі мүмкін. Аялдамада ұзақ тұрып, тоңып қалмау үшін жылы киініп жүргендеріңіз жөн. Айтпақшы бүгін таңертең қала маңындағы ауылдарға қатынайтын №315,316,327 бағытындағы автобустар жолушы тасымалдауларын уақытша тоқтатты. Өзге бағыттарда өзгеріс жоқ.
Соңғы 2 күнде Абай, ШҚО, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Жетісу облыстарында қалааралық бірнеше жол учаскесі жабылған. Шығыстағы бірнеше жолға жүк көліктерінің шығуына тыйым салынған. Дегенмен жағдай сағат сайын өзгеріп жатыр.