Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды baimedia.kz.
Сот отырысы барысында Дана Жақсыгелді куәгер ретінде жауап беріп жатыр. Оның айтуынша, «Қамажай» дүкені маңында болған жанжалдан кейін күдіктілер көлікпен «777» дүкеніне барған. Сонда Дана Жақсыгелді күдіктілердің бірінің қолынан пышақты көрген.
— Автокөлікте отырған кезде көліктің алдыңғы орындығында мылтық тұрғанын көрдім. Одан кейін біз 777 дүкеніне бардық. Оған Шыңғыс, Нұрқияс, Эльмира кірді. Эльмира Dizzy сусынын алып шықты. Оны көлік капотына қойды. Сосын Абзал оны маған «бере салшы» деді. Еңкейіп тұрған. Қолын сүртіп тұрғандай болды. Сосын әкеле жатқанда «құя салшы» деді, мен құйдым. Басында байқаған жоқпын, кейін пышақтың жүзін байқадым, — деді ол.
Прокурор куәгерден бұл пышақты кім, қайда тастағанын сұрады.
— Одан кейін біз көтеріліп Рысқұлов ауылына қарай шықтық. Себебі сол жаққа қарай «тартылыңдар» деп бір-бірімен сөйлесіп жатқан. Сол кезде жолдан бір жерге тоқтап, Шыңғыс деген бала жаңағы мылтық пен пышақты алып түседі. Қайтып келгеннен кейін қолдарында ештеңе болмады, — деді Дана Жақсыгелді.
Оның алдында сотта куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.