Елімізде күн сайын 100 адамнан қант диабеті анықталады. Тіпті балалар арасында да көбейген. Бұл дәрігерлерді алаңдатып отыр. Емі жоқ аурудан қалай сақтанған жөн? Алдын алу шаралары жайында Асылбек Данияр айтады.
Халықаралық диабет федерациясының дерегінше әлемде қант диабетімен ауыратын жарты миллиардтан астам адам бар. Ал, елімізде 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша, осы диагноз жарты миллионнан аса адамға қойылған. Оның 90 пайыздан астамы қант диабетінің 2-типімен есепте тұрады.
Бұрын бұл ауру 50-ден асқан адамдардарға тән болса, қазір жас талғамайды, дейді дәрігерлер. Тіпті, қант диабеті жаңа туылған нәрестелерде де анықталып жүр. Оның бірден-бір белгісі – баланың артық салмақпен туылуы. Сала мамандарының сөзінше, дерт тұқым қуалайды. Ал, іштегі балаға ананың дұрыс тамақтанбауы әсер етеді, дейді.
Ардақ Байбараққызы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, нутрициология кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
Соңғы ғылыми зерттеулердің мәліметі бойынша яғни жүктіліктің барысы тікелей құрсақтағы ұрықтың ересек кезіндегі денсаулық жағдайына тікелей әсері бар екені жайлы мәліметтер бар. Сол себептен жүкітіліктің барысында сондай зиянды өнімдерді шектеу, керісінше, көкеністер мен жеміс-жидектердің үлесін арттыру арқылы сонымен бірге, жануар нәруызының мөлшерін арттыру арқылы қадағалауымыз қажетпіз.
Елімізде қант диабетімен дәрігер есебінде тұрған балаларға мемлекет тарапынан тегін инсулин мен инсулиндік помпа аппараты беріледі.