Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Astana LRT» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданды қылмыстық іс бойынша тергеуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттік күдіктінің шетелде екенін атап өтті. «Күдікті Т.Ардан Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуына және келуден жалтаруына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды”, – делінген хабарламада.
Агенттік мәліметінше, жауап алу үшін Талғат Ардан 2024 жылы 23 тамызда сағат 09:00-де Астана қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік ғимаратына келуі қажет.
«Күдікті тергеу әрекеттеріне қатысу үшін қорғаушыны дербес шақыруға не қылмыстық процесті жүргізуші органның қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтінішхат беруге құқылы. Егер қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері, сондай-ақ олардың тапсырмалары бойынша басқа адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді” , – делінген хабарламада.