ДОДАҒА ТҮСКЕН
ҚАЙРАН ҚЫМБАТ ДҮНИЕ-АЙ…
Бүгiнгi таңда Қазақстанда рений мен осмийге қатысты дау-дамай өршiп тұр. Мұндай құнды металдарға деген сұраныс әлем бойынша артқан сайын оның жалыны да ұлғая беретiнi даусыз. Олай болатыны, қомақтыны қарпып қалу мансұғы ындын тобасын ұмыттырып, ашқарақтықтың аранын аша түсетiнi белгiлi құбылыс. Ал, ашқарақтық барда тоба тонын айналдырып, тәубәсiздiк тамырын жаятыны және айқын дүние.
Қарапайым халыққа ұғынықты болуы үшiн ең әуелi рений мен осмийдiң қандай ерекшелiктерi барын және өзiндiк бағасын қаперге сала кетейiк. Авиация, ғарыш, денсаулық салалары, мұнай химиясы, электронды технологияға пайдаланылатын салмағы жеңiл, қолданысқа берiк және жарамдылығы ұзақ уақытты қамтитын бұл сирек металдардың құны да шығандап тұрғаны даусыз. Мысалға: ренийдiң бiр келiсi тап осы уақытта 10000 американ долларын құраса, осмийдiң бiр грамының өзi ондаған мың доллармен өлшенетiнi оған деген таласты өршiтпесе өшiрмейтiнi анық. Және бiр ақиқат — бір кездегі еліміздің премьер-министрі Даниал Ахметовтың: «Қазақстанның осмий — 187 изотобы теңдесi жоқ өнiм. Әлемнiң ешбiр елiнде мұндай өнiм жоқ. Ренийдiң қоры Қазақстан мен Чилиде ғана бар», — деп жар салуының өзi дүниежүзi алдындағы беделiмiздi көтере түсетiнi жасырын емес. Бұған бiздiң өз тарапымыздан қосатынымыз бар. Белгiлi ғалымдардың мойындауынша осындай баға жетпес металл қорының 99 пайызы Қазақстан мысының құрамында сақталған. Мұның өзi қазақ жерiнiң байлық мәртебесiн асқақтататыны шүбәсiз. Міне, осы байлықты біз игілігімізге жарата алып отырмыз ба? Керісінше, алапай-талапайға салып отырғанымыз жан ауыртады.
Сөзiмiз жалаң шықпауы үшiн шүбәсiз фактiлерге жүгiнейiк.
Жетпiсiншi жылдардың басында қадасы қағылған сирекметалдар цехының Қазақстан Республикасы үкiметiнiң 1995 жылғы 28 қыркүйектегi № 1292 қаулысымен республикалық мемлекеттiк кәсiпорын болып шаңырақ көтергенi жұртшылыққа аян. Сол кездегi Премьер-министр Ә. Қажыгелдиннiң өзi қол қойған бұл қаулыда осмий — 187-нi, рений өнiмiн, құрамында күмiс және алтын бар шламдарды, сондай-ақ сирек кездесетiн және басқа қымбат металдарды өндiру жөнiнде ашық айтылған. Жер байлығын ел игiлiгiне сай пайдалану тұрғысында халық арасында үкiметке деген оң көзқарас та қалыптаса бастаған едi. Алайда 1996 жылдың 25 қаңтарында осы қаулыға өзгерiс енгiзу жөнiнде Премьер-министр қол қойған жаңа қаулы күмiс және алтыны бар шламдарды «Қазақмыстың» құзырына қайта беруге мәжбүрлiкке икемдедi. Мұның өзi құзырлы органның бiр жағынан жер байлығына деген немкеттiлiгiн танытса, екiншi жағынан тоқпағы мықтының тегеурiнiне тiзе бүгетiнiнiң дәлелi-дi. Бұлай айтуымызға негiз – 1995 жылдың 23 желтоқсан күнi сол кездегi «Жезқазғантүстiмет» акционерлiк қоғамын басқарушы В. Ким мырзаның Әкежан Мағжанұлының атына жазған тiлек хаты мен премьер-министрдiң С. Қалмырзаев атына бағытталған «Почему активами и пассивами распоряжается ведомство, а не предприятие. Согласиться с предложением» деп бұрыштама соғуы.
Осыдан кейiн күмiс пен алтыннан айырылған кәсiпорын өзiне тиесiлi қалған металл өнiмдерiне тәубә деумен шектелген. Бiрақ бұл жағдай үлкен күрестiң бастауы ғана екен. Әрiде екi кәсiпорын теке-тiресi ушығып кеткенi мәлiм. Бiрi «жұтамын» деп жұлқынса, екiншiсi өмiр сүруге құқылығын танытуға жанталасуын жалғастырып, өзiндiк қам-қарекетiн жасап жатты. Сүрiндi, құлады, дегенмен жантәсiлiм етуге көнбей, күштiнiң қарымына қайтарар қауқар тауып, ақырында аяғынан тiк тұру қабылетiн таныта алды. «Қазақмыспен» тең дәрежеде сөйлеспесе де iнiлiк назбен iлкiмдiлiгiн байқатты. Сөйтiп келiсiм-шарт негiзiнде арақатынас аумағын кеңейте түстi.
Тап осы тұста сәл ғана тақырыптан ауытқып, кейінгі уақыт өлшемінде мерзiмдi баспасөз беттерiнде жарияланып жатқан пiкiрлер легiне құлақ түре кеткен де жөн шығар. Оларға сенсек, «Жезқазғансирекмет» мемлекеттiк кәсiпорнының құлдырау салдарын кезiнде кәсiпорынның бас директоры лауазымын атқарған Төлеген Бүкiровтың еншiсiнде қалдыруға тырысқан жаңсақ пiкiрлер тiзбегi кездеседi. Әсiресе елу де елу мансұғын алға тартып, оның айналасын шиырлай беру мүдделiгi байқалады. Бұл бiрiншiден — елдi алдаусырату салдарынан туса, екiншiден — жауапты адамдардың өз жауапкершiлiгiн бүркемелеу мақсатында ойдан шығарылған жаласы деп айтуға толық негiзiмiз бар.
«Елу де елу» не сонда? Ол 1999 жылы «Қазақмыс» корпорациясының» сол шамадағы бiрiншi вице-президентi Р. Б. Юн мен «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының бас директоры Т. Н. Бүкiров қол қойып, оны энергетика, индустрия және сауда министрiне қарасты өнеркәсiп департаментiнiң директоры М. Ш. Тiлеужанов бекiткен келiсiм-шартта көрсетiлген негiзгi қағида. Осы қағида бойынша корпорация ай сайын 400 килограмм аммоний перренатын алуды қамтамасыз ету үшiн сирекметалл кәсiпорнын қажеттi күкiрт қышқылы шайындысымен жарақтандырып отырады. Ал, өнiм келiсiмдi межеден асса, онда артығы тең дәрежеде бөлiске түседi, яғни қосымша кен елу де елу дәрежесiнде екi кәсiпорынға тиесiлi болмақшы. Бұл бiр жағынан өзiндiк есеп айырысу мүддесiн көздесе, бiр жағынан қаз-қаз басқан өндiрiс орнының аяғынан нықтап тұрып кетуiне сеп едi. Ақыры солай болды да. Өнiм өндiру артқан шамада 400 килограмдық шектiң 800 килограмға өскенi осының айғағы.
Ендi жаңа келiсiм-шарттың тиiмдiлiгiне тоқталайық. Дәл сол 1999 жылдың қорытындысында 1996 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп рений өндiрiлсе, 2000 жылы рекордтық көрсеткiшке қол жетiп, ай сайын 1000 килограмның үстiнде өнiм өндiруге мүмкiндiк туды. Мұның өзi елiмiздiң стратегиялық қуатына өз үлесiн қосқаны анық.
Өнiм өндiру көлемiнiң артуына және жұмыс процесiнiң жолға қойылу нәтижесiнiң тұрақтануына байланысты 1999 жылы кәсiпорын жылды 150 миллион теңге таза пайдамен қорытындыласа, 2000 жылы бұл көрсеткiш 305 миллион теңгеге дейiн өстi. Соның нәтижесiнде еңбеккерлердiң әлеуметтiк жағдайына көңiл бөлуге мүмкiндiк туды. Бiрнеше еңбек озаттарына пәтер бөлiнiп, машина мiнгендер қатары молыға түстi. Мұның өзi болашаққа сенiм мен кадр тұрақтылығына қол жеткiзуге мүмкiндiк бердi. Сонымен қатар, мектеп, балабақша, қарттар үйi, басқа да өнер ошақтарына демеушiлiк көмек көрсетуге негiз қалады. Ең бастысы, ұжымның басшыға деген шексiз сенiмi қалыптасты. 2001 жылғы 29 наурыз күні Т. Бүкiров еншiлес кәсiпорын айдарымен келiспей лауазымды орнын босатқанда еңбеккерлердiң ереуiлге шығуға әзiр тұрғаны сондықтан.
Төлеген Бүкiров iскер басшы ғана емес, осмий саласын қалыптастыруға ерекше үлес қосқан ғалым да. 1998 жылы Алматыдағы металлургия және байыту институтында «Құрамында рениi бар аммиак сульфаты ерiтiндiсiнен осьмий алудың технологиясын зерттеу және дайындау» тақырыбында диссертация қорғағанда өзге мемлекет өкiлдерiнiң де қызығушылық танытқаны соның айғағы. Ең бастысы ол өз iсiне адал, бойында елге, ұлтқа деген сүйiспеншiлiгi басым азамат. «Қазақмыс» АҚ-ның сол кездегі басқарушысы Р. Б. Юн мырза өткiзген бір жиында жауапты адамның: «Адал басшы Т. Бүкiров едi. Ол жалғыз тиынның өзiне жауапкершiлiкпен қарайтын. Одан әрiде басшылық тiзгiнiн ұстағандардан мен мұндай қасиет байқай алмадым», — деп ағынан жарылуы бұл сөзiмiздiң анық дәлелi деп түсiнемiз.
Мiне, белгiлi тұлғаның осындай жауапты қызметтен бас тартуына не себеп? Себеп бiреу-ақ — алағай да бұлағай уақыт тынысында азамат бойындағы адалдық астам ойға жүгiнгендердiң қисынсыз әрекетiне тұсау салуды ойлады. Тек оны шынайы түсiнер жан табылмады. Бұл — менiң ғана пiкiрiм емес, Жезқазған халқының басым көпшiлiгiнiң айтып жүргенi.
Сонымен, ол орнынан босады. Не өзгердi? Өзгерген дүние көп. Ең бастысы «Қазақмыс корпорациясы» экономика саласы бойынша атқарушы директоры Т. Е. Тоқболатов пен «Қазақстан Республикасы минералды шикiзатты кешендi қайта өңдеу ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының бас директоры А. А. Жәрменов арасында жаңадан келiсiм-шартқа қол қойылды. 2001 жылғы 21 маусым күнi жасалған № 19-9/1212 шарттағы бiр ерекшелiк — ендi елу де елу қағидасы бұрмалаушылыққа түсiп, рений ғана емес, өндiрiлген осмий өнiмiнiң 30 пайыздық қаржысы корпорация есепшотына аударылатын болды. Бұл жеңiлiс болатын. Келiсiм-шарттың 9.2 бабында қарастырылған дәл осы сорақылықтың кесiрi әлi күнге салқынын сақтап отырғаны айқын жағдай.
Ал, 2001 жылдың аяғы мен 2002 жылдың басында Жезқазғаннан ұлттық орталық алып кеткен жүздеген тоннаға жуық қорғасын кегi, осмиi бар қара тұнбаның одан арғы дерегi бiзге беймәлiм. Баспасөз беттерiнде жарияланып, айқай-шуға себеп болған «Қазақмысқа» берешек 3 миллиард теңге келiсiм-шартқа сәйкес осы өнiм төңiрегiнде қалыптасты ма деген де күдiгiмiз бар.
Сонымен қатар, осыдан төрт-бес жыл бұрындары «Қазақ әдебиетi» газетiнде, КТК телеарнасында жар салынған Шығыс Еуропа елiнiң бiрiне сатылуға дайындалған сенсациялық осмий — 187 изотобының дерегiнен де бейхабармыз. Сатылды ма, сатылмай қалды ма? Әлде мұның бәрi белгiлi бiр топтың әдейi ұйымдастырған шоуы ма? Ол жағы жұмбақ күйiнде, маңдай терi төгiлген жезқазғандықтар үшiн. Әрине, игiлiкке пайдаланылса нұр үстiне нұр. Басқаша жағдайда… оны тиiстi орындар ғана сараптай алатыны белгiлi.
Т. Бүкiров қызметiнен кеткен жылдар iшiнде төрт басқарушы ауысыпты. Қ. Ниязбеков, Ө. Жанысбаев, М. Раджибаев директорлық лауазымға құтаймаса, одан арғы жерде келген директордың тағдыр-талайы да беймағлұм. Олай айтуымызға негіз – «конкурстық талаппен тағайындалған» А. Бекенов металлург емес, басқа мамандық иесі еді. Әйткенмен, мына ауысымнан кейін үмiт нышанының әр кеудеге қоныстанғаны да ақиқат. Бірақ, үміт ақталмады. Енді соның салдарларына үңіліп көрелік.
«Бiр қызымнан бiр қызым әм сорақының» керiн кигенімізді бiз директорлар ауысымында байқадық. «Қазақмыс корпорациясы» бас басқарушысының экономика, қаржы және аудит жөнiндегi кезіндегі орынбасары Г. Н. Ибраева мен «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының 2002 жылы тағайындалған жаңа бас директоры Ө. Жанысбаев арасында 2003 жылдың 31 наурыз күнi қол қойылған келiсiм-шартта жаңа шығындар қарасы бой көрсеттi. Оған дәлел елу де елу қағидасының соны қыр алуында. Келiсiм-шарттың 3 бабының 1 тармағына жүгiнiп көрелiк. Онда былай деп нақты көрсетiлген: «Осы келiсiм-шарттың 1.2 тармағына сәйкес корпорация бөлген шикiзат пен қызметi үшiн төленетiн қаржы сатылған рений құнының 50 пайызын құрайтынына кепiлдiк беремiз».
Тоқтай қалыңыз! Сонда шығыс көлемi ұлғаймай ма? Транспорт шығыны, басқа да шығындар бастапқы елу де елу қағидасын көтерiңкi құн мөлшерiне жеткiзетiнi ақиқат қой! Олай болса, директорлар ауысымы кәсiпорын мүддесiнен гөрi басқа мүдденi көздегенi шындық. «Жаны ашымастың қасында балтырың сыздамасынды» бұрынғылар осындай жағдайдан кейiн айтса керек.
Кәсiпорынды әр құзырға лақтыру машығы да ешкiмдi оңдыра қоймағаны ақиқат, 2002 жылы үкiмет қаулысымен «Жезқазғансирекмет» қайтадан республикалық мемлекеттiк кәсiпорын мәртебесiн иелендi. Сөйтiп, «еншiлес» деген айдардан айығып, өз алдына отау құрды. Бiрақ, бұдан көгерiп кеттi ме? Көгермегенi мәлiм. Қарызға белшесiнен батқан қалпы әрi-сәрi күй кешу үстiнде. Т. Бүкiров тұсында айтылған таза пайда ауылы алыстап, еңбеккерлер сенiмiне қаяу түстi. Ең бастысы, адамдардың ынта-жiгерi мұқалыс тапты.
Бiрақ бұл келiмдi-кетiмдi басшыларды ойландыра қоймады. Оған өз уақытында бас директор болған М. Раджибаевтың онсыз да жаңа ғимаратты басқа жақтан құрылыс компаниясы өкiлдерiн шақырып, қайтадан әрлеуi анық дәлел. Дәл бүгiнгi таңда, бiр тиынның өзiне үнем көзiмен қарайтын шамада, қомақты қаржыны шашып тастау дарақының дарақысының қолынан ғана келетiн «жомарттық».
Ал, соңғы тағайындалған А. Бекеновтың бітіргені не сонда? Ол құлағанды тұқырта түскені анық. Оған 2006 жылғы 21 маусым күні корпорациямен жасалған 19–906 / 1809 келісім-шарты дәлел. Осы келісім-шарт нәтижесінде бағалы заттың иеленушісі «Қазақмыс» корпорациясы болып қалды да, сирекмет шикізат өңдеуші кәсіпорын дәрежесіне төмендеді.
Дәл осындай жағдайда бiз кiмге сенгендеймiз? Әрине, ел Президентiнiң ұлттық байлыққа оң көзбен қарайтынына иланамыз. Н. Назарбаев әне бір жылдардағы халыққа жолдауында: «Үкiмет мемлекет активтерiн басқарудың ашық және айқын жүйесiн жасауы қажет. Мемлекеттiң меншiгiне түгендеу жүргiзiп, күллi елiмiз үшiн бiртұтас деректер базасын жасаған жөн. Медетшiлiк жасау немесе банкроттық туралы шешiм шығарған кезде бiртұтас өлшемдер қолданылуы керек. Банкроттық шығынды мемлекеттiк кәсiпорындардың қызметiн қалпына келтiру мүмкiндiгi қалмаған жағдайда жасалатын соңғы қадам болуға тиiс», — деп атап көрсеткен болатын. Осы жолдауда тағы да: «Ұлттық компаниялар мен мемлекеттiк кәсiпорындардың, сондай-ақ, iрi жекеменшiк компаниялардың қызметi мен қаржы ағыстарының ашықтығын қамтамасыз ететiн заңнамаларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажет», – дегендi де баса айтқан едi. Мiне, бұл талайына тартыс бұйырған «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнын «ал да тала» әрекетiнен сақтап қалар бiрден-бiр бағыт-бағдар аясындағы таяныштай көрiнген. Алайда, жақсы ұмтылыстың «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалуы кім-кімді де ойлантса керек.
Кезінде премьер-министрдiң орынбасары болған С. Мыңбаевтың Президент алдында «Жезқазғансирекмет» кәсiпорнының қазiргi жағдайын кеңiнен талдап, одан шығудың жолын екi тармақта нақтылауының өзi көңiлге үмiт сәулесiн түсiрген-ді. Бiрiншiсiнде – мемлекеттiк монополия туралы заң қабылдау негiзге алынса, екiншiсiнде – мемлекеттiк монополиядан түбегейлi бас тарту қаракетi бар-ды. Алғашқысында осмий, рений секiлдi сирек металдар тек мемлекет қарауында қалса, соңғысында кәсiпорын таратылып, өте бағалы металдарды өндiру мен сату «Қазақмыстың» еншiсiне бұйыратын еді. Сонда мемлекет, жалпы ұлт үшiн қайсысы тиiмдi? Әрине, алғашқы бағыт, яғни мемлекеттiк монополия туралы заң қабылдау қолайлы-тын. Бiрақ, сорымыз қалың елмiз-ау, үкiметтегi кейбiр адамдар мен өзiмiз сайлап алған осының алдындағы парламенттiң кейбiр мүшелерiнiң қитұрқы әрекеттерiнiң салдары бәрiне қолбайлау жасағаны белгілі. Ел деп емiренбегеннен, жер деп қабырғасы қайыспағаннан не үмiт, не қайыр…
Жер байлығы мәңгiлiк таусылмайтын дүние емес. Оның өзiндiк шектеулi қоры бар. Жаратқанның көзi түзу түскендiктен Жезқазған осындай баға жетпес қор мөлшерiн иеленiп отыр. Мысының өзi неге тұрады! Ал, сол мыстың құрамында кездесетiн алтын, күмiс, рений, осмий т.б. металдардың игiлiгiн халық неге көрмеске? Шындап айналысқан, түбегейлi ден қойған адам үшiн байлықтың ұшан-теңiз көзiн табар мүмкiндiк мұнда мол. Олар зерттелген де. Дегенмен жанашырлықтың жоқтығынан, ашкөздiктiң салдарынан құнды-құнды металл қорлары газбен бiрге ауаға таралуда. Нелiктен? Өйткенi бiр күндiгiн ғана ойлағандар басы ашық дүниенi қарпып қалуға тырысады да, түбегейлi ғылыми құндылықтарды екiншi қатарға ысырып тастайды. Ал, бұл – келешек ұрпақты несiбесiнен қағу деген сөз. Оларды басқа бiр тұсқа тәуелдiлiкке байлап беру деген ұғымды негiздейдi.
Мұндай болмау үшiн не iстеу керек? Арғы-бергi уақыт шеңберiнде жүргiзiлген ғылыми негiздемелердi басшылыққа ала отырып газ арқылы ауаға тарап жатқан кендердi толық мөлшерде алып қалуға тырысу керек. Ол үшiн үкiмет қаржы аямай, қор байлығын нығайтқаны жөн. Сұранысқа ие, ие емес металдарды сатып алу қағидасын енгiзiп, оны сақтау жолдарын қалыптастырса нұр үстiне нұр. Сонда бүгiн жұмсаған бiр теңге шығыны ертең мың теңге болып қайтары ақиқат жағдай. Болашақ ұрпақ көзiне ұялмай қарау мүмкiндiгi туатыны және шындық.
Бұл осмийге де қатысты мәселе. Мөлшердi шектеме, «Қазақмыстың» шикiзат өнiмiне қысым жасауын тый, сөйтiп, «Жезқазғансирекметтiң» толыққанды жұмыс жүргiзуiне жағдай жаса, сосын дайын өнiмдi сатып ал да сақтай бiл. Оған, шүкiр, Қазақстанның қаржылық қуаты жетедi. Осылай еткен күнде қазiргi жұмсалған миллиондар уақыт өте миллиардтар тiзбегiн тiзетiнi даусыз.
Әрине, мұнда да таразы басына адами фактор түсетiнi белгiлi. Тықырдан жүн қырыққан жылмақайлар үптеп кетпес үшiн елжанды азаматтардың басшылық тiзгiнiн ұстауына ықпал еткен жөн. Ар-ұяты барлардың амалдыларды бiрте-бiрте ығыстырып, қатарға таза ниеттi мамандарды тартатыны табиғи құбылыс. Ал, табиғилықтан асуға талпынушылық пендешiлiктiң бопсасы ғана. Ендеше, бопсалыққа бас бермей, кемел ойдың керегесiн кеңейтуге жұмылуымыз өркениеттi ел қатарына қосылуымыздың алғы шарты.
Иә, ауысымдар негiздемесi қақпасын айқара ашып тұрған заматта келер ұрпақ қамына қарай қарекет жасау ақзер дүниенiң жалқынын сезiнген бiздiң мойнымызға парыз жауапкершiлiгiн жүктейтiнi ақиқат заңдылығы. Олай болса, өмiр атты айдында өлермендiкке жол бермей, салиқалы ғұмыр көшiне iлесу, iлесiп қана қоймай, онда өскiн мағұрлана ауызға алар үлгiлi iз қалдыру да әр азаматтың қасиеттi борышы деп пайымдаған абзал. Сонда ғана ғұмыр мәндi, тiршiлiк сәндi болатыны хақ.
Ырысымыздан айырмасын, ағайын!
Төлеген Бүкіров, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Құрметті металлургі, Қарағанды облысы және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.