Маңғыстау. 4 тамыз. BM.KZ – Маңғыстау облысында техникалық колледждің бас есепшісі ірі көлемдегі қаржы жымқырғаны үшін бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Жауаптылар мәліметінше, колледж қызметіне жүргізілген тексеріс нәтижесінде 243 миллион теңгеден астам бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалғаны анықталған. Атап айтқанда, іссапар шығындары, шәкіртақы және салық міндеттемелеріне арналған қаражат бас есепшінің жеке шотына заңсыз аударылған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе ысырап ету) қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеуді арнайы прокурорлар жүргізген.
Сот үкімімен айыпты 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 10 жыл бойы бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
«Маңғыстау аудандық сотының 09.07.2025 жылғы үкімімен колледждің бас есепшісі ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2 тармағымен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналасу құқығынан айырылды», — делінген Маңғыстау облысы прокуратурасының хабарламасында.
