Қоқыс – құнды шикізаттың бірі де бірегейі. Жаһанның жасыл экономиканы жүзеге асыруы да содан болса керек. Қаншама дамығае ел қайта өңдеп, қолданыстағы тауарға айналдырып отыр. Тиісінше, бұл – биосфераның былғанбауына көмек. Бізде тәртіп пен тазалық сақтап, тығырықтан шығатын амал қайсы? Қалдықты қаншалықты кәдеге жаратып жүрміз?
3 жылға 185 млрд
Мойындауға мойнымыз жар бермесе де, көшені қоқыспен толтыру әдетке айналғалы қашан. Ауылдардағы ахуалды айтпағанда, ірі мегаполисте де мін бар. Қалдықты жоюды жүйеге келтіріп, тиімді тәсілдерге сүйену маңызды. Осы ретте Министрлік Түркия, Испания, Германия, Швеция, АҚШ-тың кейбір Штаттары, Норвегия, Канада, Корея және Жапонияның озық тәжірибесін зерттеп келеді.
– Халықаралық тәжірибеде қалдықтарды тиімді басқару мақсатында қайталама шикізатты тапсырғаны үшін сыйақы беру мен қалдықтарды шығару қызметіне сараланған тарифтеу және әкімшілік жауапкершілікке тарту сияқты негізгі шаралар қолданылады. Мұны іске асыру үшін инфрақұрылымды дамыту керек және бизнес субъектілерін осы салаға тартуға тиіспіз.
Жеңілдетілген қаржыландыру тетігі әзірленді. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы сыйақы мөлшерлемесі 3 процент және 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыру қарастырылған. Жобаларға 3 жылға бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері шамамен – 200 млрд теңге, – деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Мемлекеттен алдағы үш жылға 185 млрд теңге шамасында қаржы қарастырылып отыр. Министрлік пен әкімдіктер бірлескен түрде 94 жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған. Оларды іске асыру арқылы төсемтас, люк, қоқыс жәшігі, шыны ыдыс, стрейч пленкаларын және басқа да халық тұтынатын тауарлар шығаруды жолға қоюға мүмкіндік туады-мыс. Айталық, осы 94 жобаның ішінде 28-і қоқыс шығаратын техника сатып алуға бағытталған. Сондай-ақ қуаттылығы жылына 3 млн тоннадан асатын сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша өңірлер арқылы 21 жоба пысықталыпты. Жобаларды іске асыру кезінде сұрыптау желілерінің қуатын қазіргі 1,7 млн тоннадан 4,7 млн тоннаға дейін жеткізуге, әрі еліміздің барлық өңіріндегі қала мен ірі елді мекендерді қамтуға мүмкіндік береді. Миллиардтардың мүмкіндігін жыл соңында бағамдаймыз.
4,32 млн тонна қалдық жиналған
Қазақстанда жалпы саны 207 аудан мен қалалардың ішінде 130 елдімекені қалдықтарды бөлек жинаумен, ал 103 елдімекені сұрыптаумен айналысады. Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сүйенсек, жыл сайын елімізде 4 млн тоннадан аса коммуналдық қалдық жиналатын болса, былтырғы көрсеткіш 4,32 млн тоннаны құраған. Ең қызығы оның 996 мың тоннасы (24%) ғана қайта өңделген.
Жер бетіндегі халық саны өскен сайын тұрмыстық қалдық көлемі ұлғаятыны да, бұл мәселе Қазақстанды айналып өтпейтіні де белгілі. Кейінгі жылдары Астанадағы көпқабатты үйлердің айналасындағы аузы-мұрнынан асып төгілген қоқыс жәшігін көргенде таңданбайтындай болдық.
Бүгіндері астаналықтар саны 1 млн 400 мыңнан асты. Осынша адамнан жылына 300 мың тонна айналасында тұрмыстық қалдық шығады. Ал 2023 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 250 мың тоннаға жуықтады (Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының дерегі). Осы қалдықтар түрге бөлініп сұрыпталады. 2022 жылы жалпы коммуналдық қалдықтың көлемі 700 мың тоннадан асқан. Бұл әр астаналық күніне шамамен 1,5 келідей қоқыс тастағанын білдіреді.
Қоқысты қажет ететін елдер бар
Қоқыстың қолқаны алған иісінен ат тоңды ала қашатынымыз рас. Алайда әлем елдері әлдеқашан қалдықты пайда көзіне айналдырып үлгерді. Екінші жағынан әр тұрғын үйінде де қоқысты сұрыптайды.
Бізде қоқыс тастау мәдениетінің төмен екеніне көзіміз анық жетті. Жәшікті лық толтырып, одан қалды үйінді етеді. Мәселен, Швецияда қоқыстың 99%-ын қайта өңдейді. Олар қоқысқа тасталған бір бөтелкеден жетеуін жасап шығарады. Сондықтан болар, тіпті іздеген жан қоқыс таппай қалады. Деректерге сүйенсек, Швецияға Норвегия мемлекеті жылына 800 мың тонна қоқыс жібереді екен. Сондай-ақ әр отбасында қалдықтарды сұрыптау мәдениет қалыптасқан.
– Жапонияда қоқыс контейнерлері жоқ. Әр тұрғын қолдағы қоқысын көшеге тастамай, үйіне апарып, міндетті түрде сұрыптайды. Өйткені бұл мемлекетте қоқыс қайта өңделеді. Үйдегі қоқысты сыртқа шығарудың да тәртібі бар. Аптасына бір немесе екі рет алып кетеді. Оның белігілі уақыты мен жерін, ережесін жергілікті әкімшілік бекітеді.
Бұдан бөлек, көшедегі қоғам тәртібіне қатысты Сингапурды мысалға келтіремін. Себебі, мұнда сағыз, темекі сынды өнімдерге тыйым салынады. Қоғамдық көлікте де рұқсат етілмеген. Халықты қалай тәртіпке келтірген дейтін болсақ, еңбекақының көлемінен артылатын айыппұл салынады. Әр көшеде, әр бұрышта бейнебақылау орнатылған. Ұсталған адам айлығын айыппұлға төлейтін болғандықтан халық ережені бұлжытпай орындайды, – дейді саяхатшы Динара Болат.
Демек қоқыстан арылтуға мемлекет ғана мүдделі, міндетті емес. Тұрғындар да ауласын айнадай етіп отырса, қоғамдық тәртіп сақталса түйінді сәл де болса тарқатуға болар. Әйтпесе, миллиардтаған қаржы да қалдықтан құтылып, таза Қазақстан атануға көмектесе алмас…
Дина Мәделханқызы