Осыдан отыз екі жыл бұрын 29 тамызда Семей атом полигоны ресми түрде жабылды. Қазақстан әлем елдері арасында ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде тарихта қалды. Әрине жабылғаны жақсы болғанмен, миллиондаған халықтың тартқан зардаптары, бүлінген табиғат пен жерді енді ешқашан бізге қайтарып бермейтіні анық.
Бұл мәселе бойынша редакциямызға арнайы келген Семей өңірінің тұрғыны, «Полигон 21 Комитет» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі Бақберұлы Тұрсынбек баяндап берді. Өзі де осы өңірде туып өскен Тұрсынбек жүрек ауруына шалдыққан. Әкесі, ағасы, анасы бар-жоғы 40-55 жас шамаларында полигон әсерінен болған аурудан айықпастан өмірден озған екен. Қазіргі таңда жалғыз қарындасының аяғына белгісіз ісік аурулары пайда болып, бармаған жер, баспаған тауы қалмапты. Қазақстандық түгілі шетелдік ауруханалар емін таба алмай отырған ауруға шалдыққан екен. Тұрсынбектің айтуына қарағанда «Семей өңірінде 350 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың жартысынан көбі түрлі ауруларға шалдыққан. Оның ішінде балалардың жүрек аурулары мен онкологиялық ауруларға шалдығып көз жұмып жатқан оқиғалары жиі кездесуде. Иа, Семей қаласы Абай облысының құрамына кіріп, аспанға бөркімізді атқанымызбен ауруға шалдыққан адамдар мен Семей тұрғындарының денсаулығына қатысты мәселеде ештеңе де өзгермеді» дейді. Радицациялық қауіпті аймақта тұратын адамдарға бөлінетін қаражаттан да қағылып отырған семейліктер бірлесіп, Денсаулық сақтау министрлігіне, Президентке ұжымдасып қаншама хаттар жазса да мәселе оңынан шешілмепті. МӘМС-ке ақша төлмесе ешқандай ауруханада қарамайды екен. Өзінің қан қысымы үнемі жоғары болып жүретін Тұрсынбек Бақберұлы дәрісін аузына салып жіберіп көзіне жас алып әңгімесін жалғастырды. «Семейді құртқан Кеңес Одағы екені белгілі. Осыншама зардап шектірген КСРО-ның мұрагері Ресей неге біздің елге репарациялық қаражат төлемейді? Біздің табиғатымызбен, денсаулығымызға келген зиянның орнын кім толтырады. Германияның күл-талқанын шығарған КСРО бәлен жылдар бойы млндаған доллар репарация төлеген жоқ па? Ең өкініштісі, әлемнің 118 мемлекеті Семей полигонынан зардап шеккен халыққа волонтерлік көмек қолын созуға әзір. Алайда, неге екенін білмейміз, біздің мемлекет бұл көмектен бас отыр деп» қынжылды.
Расында «өзі ауырмағанның басы ауырмайды» демекші халықаралық ұйымдар көрсеткісі келетін көмектен неге бас тартып отыр? Сол өңірден сайланған Мәжіліс пен Сенаттың депутаттары Нұртай Сабильянов пен Ринат Зайтов неге үнсіз? Семей, Арал өңірлерінің тұрғындарына МӘМС-ке жеңілдіктер қарастыруға болмай ма? Сұрақ көп, жауап жоқ. Әрине редакция Денсаулық сақтау министрілігі мен өңірден сайланған депутаттарға арнайы хат жолдайтын болады. Дегенмен 32 жыл бойы үнсіз отырған Үкіметтің бұл мәселеге басын ауыртпайтыны таң қалдырады.
Жалпы мәлімет үшін айта кетер болсақ, 1947 жылдан бастап КСРО Семей қаласынан 140 шақырым жерде алғашқы атом бомбасын сынақтан өткізген болатын. Бұл АҚШ-тың Жапонияның Хиросимо қаласына тастаған бомбасынан 20 есе қуаты күшті бомба еді. 1949 жылдан 1991 жылға дейін 500-ге жуық ядролық сынақ жасалып, кем дегенде 616 термоядролық және ядролық құрылғылар жарылды. Ал 169 жер асты сынақтары мен 55 әуе және жер үсті жарылыстарының радиоактивті газы ядролық жарылыс аумағынан тыс жерлерге шығып кеткен . “Дәрігерлер ядролық соғысты алдын алу үшін” атты Халықаралық қозғалысының қазақ филиалының президенті С.Б. Балмұханов сол кездегі жағдай бойынша мынадай статистика келтіреді.“Семей ауданында республикадағы басқа аудандарға қарағанда тұрғындар үш жылға аз уақыт өмір сүреді. Семей облысында 800 мың адам тұрса, 2 миллион 400 мың жылға өмірлері қысқарады”, – дейді ол. Әрбір жерасты сынағы жүргізілген күннің ертесінде және содан кейінгі 3–4 күн бойына дәрігерлік мекемелерге әртүрлі шағыммен келген азаматтар саны әдеткі күндердегіден 3–4 есе көп болған. Сондай-ақ, полигонға тікелей тақау жерде тұратындар арасында, одан едәуір шалғай елді-мекендерде тұрушыларға қарағанда суицид 5 есе жиі кездескен. 1991 жылдары республикада иондалған радиация қалдықтарын шығаратын мыңнан астам кәсіпорын болған. Ел азаматтары оларда қауіпті қалдықтарды көмуге арналған уақытша “молалар” бар екендігін басылымдарда жазған. Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстаннан бөлек ядролық қарудан Белорусь, Украина, Оңтүстік Африкалық Республика бас тартқан.
Сөз соңында мемлекет және оның құзырлы органдары мен халық қалаулылары бұл мәселе бойынша нақты шешімге келетін кез келген сияқты. Бақберұлы Тұрсынбек осы сапарында «Байтақ» жасылдар партиясынан да көмек сұрап келгендігін жасырмады. Партия басшылғымен бірлесе отырып экология және табиғи ресурстарды қорғау, денсаулық сақтау министрліктеріне өз үндерін жеткізуді мақсат еткенін жасырмады.
Бізде өз тарапымыздан қоғамды алаңдатқан күрделі мәселенің түйінін шешуге көмектесетінімізді айтып, жүрегі жасып қалса да, өзі үшін емес, елдің мұның шағып жүрген азаматқа алғысымызды білдіріп шығарып салдық.
Baimedia.kz