Қасақана қылмысқа барған күдікті бұл отбасымен бұрыннан араласатын адам болып шықты. Алматыда адам шошырлық аса ауыр қылмыс жасалды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бір азамат бір түнде ерлі-зайыпты қос зейнеткерді өлтіріп, ізін жасыру үшін жәбірленушілердің үйін өртеп жіберген.
Қызыл жалында қалған мәйіттің бірі түгел жанып кетіпті. Ал ол марқұм пышақтан өлді ме, әлде тірідей отқа оранып жан тапсырды ма әзірге белгісіз.
Қасақана қылмысқа барған күдікті бұл отбасымен бұрыннан араласатын адам болып шықты. Қанды қылмыс жұмадан сенбіге қараған түні болды. Ер адам 4 кісі тұратын үйге келіп, 71 жастағы ақсақалды кеудеден пышақпен ұрып жер жастандырған.
«Өртті сол қаскөй қойды. Газды қосып от жағып осында тұратын 13-тен астам адамның бәрін өлтіре жаздады. Көршілеріміздің бірі оянып, дабыл қақпағанда осындағы тұрғынның барлығы жер жастанар еді. Қасақана қылмыс жасаған адам бұған дейін де келіп-кетіп жүретін. Бұрын сотталған деп естідім. Бақилық болған зейнеткерлердің қызымен араласатын», – деді көршісі Эмраджан Хасанов.
«Бұл қылмысқа біраз дайындалғанына көз жеткізіп отырмыз. Өйткені ол жәбірленушілердің үйіне өз көлігімен келмей, бірталай көше жетпей тастап кеткен. Жаяу келіп, содан қылмыстық әрекетін жүзеге асырғаннан кейін жаяу көлігіне жеткен», – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал көршілерінің айтуынша, ол күдікті өрт өшіп, мәйіттер табылған соң оқиға орнына қайта келген. Ештеңеден хабары жоқ, тек көмек беруге келген адамның кейпін танытты дейді.
Бірақ полицейлер оның қылмысқа қатысы барын әшкерелеген сәтте бірден ұстап, 46 жастағы азаматты уақытша ұстау қапасына қамаған.
Болжам бойынша, оқиғаға зейнеткерлердің қызы мен күдікті арасындағы жанжал себеп. Көршілердің айтуынша, ер адам сол бикешпен көңіл қосқысы келген, бірақ оған қыздың әкесі үзілді-кесілді қарсы болған екен. Бүгінде бұл сұмдық жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Данный текст скопирован с сайта Informburo.kz
https://informburo.kz/kaz/newskaz/tiridei-ortegen-almatyda-adam-sosyrlyq-asa-auyr-qylmys-zasaldy