Түркістан облысында тұт ағашын отырғызу арқылы жібек мата өндірілмек. Ол үшін облысқа Өзбекстаннан әкелу жоспарланған 2,5 млн түп тұт көшетінің алғашқы 85 000 түбі жеткізілді. Жапырағын жылына төрт рет жинауға болатын тұттың сорты «Әндіжан Мархамат 2017» деп аталады.
Алғашқы көшеттер Жетісай ауданы, Мақталы ауылы маңындағы 25 га аумаққа отырғызылды. Ал көшеттердің келесі бір бөлігі Сарыағаш ауданында егіледі. Бұл жұмыстарға Өзбекстаннан арнайы аталған сорттың авторы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Абулфаттох Мусырманкулов келіп, жергілікті шаруаларға тұт ағашын отырғызуда әдістемелік көмек көрсетті.