Бас прокуратура экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваның рейдерлік әрекеті туралы арызын тіркеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
«2024 жылғы 4 наурыздағы арыз Бас прокуратураның ақпарат кітабына тіркеліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін Қаржы мониторингі агенттігіне жолданғанын мәлімдейміз»,—делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 28 ақпанда кәсіпкер Нұрлан Бимурзин Әлия Назарбаеваның құны 170 миллион доллар (2003 жылғы есеп бойынша) болатын жұмыс істеп тұрған бизнесін тартып алғанын айтқан еді. Сондай-ақ ол Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Игорь Роговтың әйелі Валентина Рогова мен Әлия Назарбаеваның үстінен Бас прокуратураға арыз түсіргенін мәлімдеді.
«Серіктесім Медғат Қалиев екеуіміз осы сәтті 20 жыл күттік. Өйткені жиырма жыл бойы жақындарымыз бен отбасымыздың амандығы үшін қорқып келдік. Өйткені олардан қысым болды»,—деді кәсіпкер.
adyrna.kz