Жанға жайлы тұрмыс үшін ауылдан қалаға көшу қай заманда да қалыпты құбылыс саналған. Алайда соңғы жылдардағы еліміздің ішкі көші-қон саясаты ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл үрдістің стихиялы сипат алып кеткені соншалық, республикада былтыр тұрғындар санының азаюына байланысты оннан астам қала мәртебесіне сай болмай шықты.
Ауыл әрі қазақтың алтын бесігі. Іңгәлап өмірге келген соң, ананың алтын бесігінде тербетіліп, айран, сүт, құрт, маймен, қазақи тәрбие, ата-әженің тәлім-тәрбиесімен өткен қазақ үшін ауыр қасірет. Ауылды құртып, барлық қазақты қалаға көшіргенде қазақи болмыс сақтала ма? Әрине, қалада бәрі жақсы. Инфрақұрылым, баланың замануи білім алуына барлық жағдай жасалған дейміз. Жақсы. Келісеміз. Қала барлық қазақты қабылдап, тиісті жағдай жасай ала ма? Ал тақымы аттың үстінде қатайған, табиғатпен санасы үйлесім тапқан қазақтың жастарына кері әсері етпей ме?
Жақында ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкіметте есеп берді. Нұрлан мырзаның мәліметіне сүйенсек, «Соңғы он жылда ауылдық елді-мекендердің саны 6838 ден 6523 ға дейін қысқарыпты». Бұл дегенміз 582 ауыл құрдымға кетті деген сөз. «Көбінесе 50 адамнан кем тұратын ауылдарды іргелес елді-мекендерге қосу арқылы жүргізілді»,- дейді министр мырза.
Қазақстанда 6256 ауылдық жерде 7,6 млнға жуық адам сүреді. Бұл ел тұрғындарының 38,4 % құрап отыр. Өмір сүру деңгейі төмен тұрғындары саны 7,2%, жұмыссыздық деңгейі 4,7%, өзін-өзі қамтамасыз етушілер 33% немесе 1,2 млн адамды құрап отыр.
2023 жылы ауылдық жерлерді негізгі қызметтермен қамтамасыз ету 64,3% құрады. Бұл көрсеткіш Маңғыстауда 72,4%, Атырауда-70%, Ақтөбеде 69% құрап отыр. Ал ауылдық елді-мекендерді қамтамасыз ету жұмысы ШҚО-58%, Ұлытауда -57% және Абай облысында -55,4% деседі.
Жоғары қызмет көрсету салаларымен қамтылған ауылдар саны 1296, өткен жылмен салыстырғанда 169 бірлікті құрап отыр. Шенеуніктердің мәліметінше 2023-2027 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасындағы ауылдық жерлерді дамыту тұжырымдамасын» жүзеге асырып жатырмыз дейді.
Мұның бәрі жақсы. Бірақ қаншама тұжырымдама, заң қабылдап жатқанымен ауылдардың күннен-күнге азайып бара жатқаны шындық. Бар қазақты қалаға жинап алғанда олардың тиісті тұрмыстық қажеттіліктерімен, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етуге қауқары бар ма?
Ала дорба көтеріп, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген қазаққа ауылда 10 гектардан жер беріп, кәсібін дамытуға жеңілдетілген несие беріп, өндірген тауарын сатып алатын «заготконтораларды» қайта құрып, экспорт пен импортқа шығарып, Орта Азия елдеріне жеткізіп сатуына тіпті алысқа бармай-ақ Астана, Шымкент, Алматы сынды миллиондық халқы бар қалаларды ауылшаруашылық арзан өнімдермен қамтамасыз етуге болмас па еді? Түпкі мақсат пен саясат неде? Сұрақ көп болғанымен жауап жоқ болып отыр.
Асылбек Байжұмаұлы