Мәжіліс депутаттары Су кодексінің жобасы мен су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді әзірлеуге кірісті.
Палатаның Аграрлық мәселелер комитетінде Серік Егізбаевтың төрағалығымен, вице-спикер Альберт Раудың қатысуымен заң жобаларының таныстырылымы өтті.
Депутаттарға түзетулерді Су және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз таныстырды. Ол жаңа Кодексте елдің су-ресурстық әлеуетін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын сарқылудан және ластанудан қорғауға баса назар аударылатынын айтты.
– Жаңа Су кодексінің нормалары – жүйелі, декларативті әрі қайталанатын нормалар жоқ. Құжаттың қағидаттары мен міндеттері оларды іске асыру механизмдері арқылы нығайтылды. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстың қауіпсіздігі, ирригация және дренаж, ауыз сумен және сумен қамтамасыз ету мәселелері жеке тиісті бөлімдерге бөлінді. Жоба 6 бөлімнен, 14 тараудан және 121 баптан тұрады, — деді Болат Бекнияз.
Талқылау барысында депутаттар сарқынды суларды қайта пайдалану, су қорын қорғау және пайдалану, Су кодексі жобасының Конституция нормаларына сәйкестігі секілді мәселелерге назар аударды. Таныстырылымның қорытындысы бойынша, Серік Егізбаев жаңа Су кодексінің нормалары жұмыс тобы шеңберінде егжей-тегжейлі талқылауды қажет ететінін айтты. Жұмыс тобына Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Павел Казанцев жетекшілік етеді.