Еліміздің түкпір-түкпірінде 1 ақпаннан бері #Әншуақ балалар әндерінің челленджі өтіп жатыр. Бүгінгі таңда балалар орындаған әндер 7 миллионнан астам қаралым жинады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Оқу-ағарту вице-министрі білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы туралы айтты.
«Биыл елімізде алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Әншуақ» балалар әндерінің фестивалі өтеді. Бұл шаранының «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» тұжырымдамасына енгізілген дәстүрлі тарихи, рухани, мәдени құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тұрақты адамгершілік сенімдерге тәрбиелеуге бағытталуы оны бірегей өтеді. Отанға деген мақтаныш сезімін оятуға бағытталған фестивальге қазірдің өзінде үлкен қызығушылық туындағанын байқауға болады. Бір жарым айдың ішінде 10 мыңға жуық оқушы фестивальге қатысуға ниет білдіріп, #Әншуақ хэштегі арқылы бейнероликтер жариялады», — деді Еділ Оспан.
Естеріңізге сала кетейік, фестивальге 6-дан 18 жасқа дейінгі кез-келген жас өнерпаз қатыса алады. Ол үшін қатысушылар TikTok әлеуметтік желісінде #Әншуақ ортақ хэштегінің астына өзінің жанды дауыста орындалған бейнесін жүктеуі қажет. Жарыс қорытындысы 1 маусымда атап өтілетін Халықаралық балаларды қорғау күнінде шығады. Сондай-ақ, осы күні еліміздің әрбір елді мекенінде Open Air форматында концерттер мен елордада «Әншуақ» фестивалінің гала-концерті өтеді. Әндері ең танымал орындаушылар өз өңірлерінің әкімдерінен республикалық гала-концертке жолдама алады. Сонымен қатар, барлық қатысушылар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталып, «Балдәурен» РОО-да демалатын болады.