Қазақстан Қытайда шығарылатын, әлі клиникалық сынақтан өтпеген инсулинді сатып алған
Бұл туралы парламент мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 2014 жылы еуропалық инсулин тіркелген, ол бір жастан асқан балаға алуға болатын жалғыз инсулин. Былтыр оны тегін медициналық көмек ретінде берілетін, кепілдендірілген дәрі-дәрмек қатарына қосқан, бірақ пациенттер оны «белгісіз себептермен ала алмай отыр».
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қытайлық инсулиннің алғашқы партиясы былтыр сатып алынғанын айтты.
«Бір жыл ішінде халықтан ешқандай шағым түскен жоқ. Балалар осыған дейін қолданып келе жатқан инсулинді бұдан кейін де алады» деді министр.
Дәрі-дәрмек жеткізуші бірыңғай дистрибьютор инсулин сатып алу заңға сәйкес жүзеге асты деп хабарлады. «СК-Фармация» дәрілерді денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 20 тамыздағы №88 бұйрығы бойынша бекітілген «қатаң тізбесі бойынша» сатып алатынын айтты. Онда халықаралық патент берілмеген атаулар, дәрінің сипаттамасы (дозасы, шығару түрі) көрсетілген дейді. Қазір тізімде инсулиннің оннан астам позициясы тұр.