KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасында салынып жатқан көпір биыл қолданысқа беріледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім мен Самар аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне көпір салынып жатқаны белгілі.
Еліміздегі ең ұзын көпірдің қашан ашылатыны туралы сұраққа бүгін ШҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жауап берілді.
«Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір жобасының бағасы — 61,4 млрд теңге. Бүгінде оның 27,4 млрд теңгесі игерілді. Ұзындығы 1153 метрді құрайтын технологиялық көпір салынды. Екі жолақты негізгі автомобиль көпірінің ұзындығы 1316 метр, ені 12,2 метр болады. Қазіргі уақытта 21 көпір тірегінің 13-і орнатылды. 8 тірек бойынша жұмыстар жалғасуда. Аралықтардың 20 металл конструкциясы дайындалып, учаскеге жеткізілді», — дейді ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраров.
Оның айтуынша, көпір биыл қолданысқа беріледі деп күтілуде.