Бүгін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде «Бал ара шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға палатаның вице-спикері Альберт Рау, Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, сала мамандары мен сарапшылар қатысты.
Жиынды ашқан Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар бал ара шаруашылығы саласында қордаланып қалған бірқатар мәселе бүгінде шешімін талап етіп отырғанын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың айтуынша, 2023 жылы республика бойынша асыл тұқымды бал аралары ұясының саны 66,8 мыңды құрап, бал экспорты 222,7 тоннаға жеткен.
Абай, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облыстары мен Шымкент қаласында асыл тұқымды бал аралары көп таралған. Біздің елімізден Өзбекстан, Қытай, Иордания және Сауд Арабиясына бал экспортталады.
– Отандық омарташыларды мемлекеттік қолдау мақсатында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидалары шеңберінде бал аралары ұясына 5 мың теңге субсидия нормативімен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидиялау көзделген. 2023 жылы осы мақсатқа 509,2 млн теңге бөлінсе, биыл 713,6 млн теңге қарастырылған, – деді Б.Бекбауов.
Депутаттар мен отырысқа қатысушылар ара шаруашылығын дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты. Жиын соңында Ислам Сұңқар бүгін айтылған пікірлер мен ұсыныстар негізінде бал ара шаруашылығын дамыту бойынша Үкіметке ұсынымдар жолданатынын атап өтті.
Трендте
- Әкімдерге құлаққағыс: Тоқаев Қарағанды облысының әкіміне сөгіс берді
- Қазақстанның мемлекеттік қарызы өсіп барады
- Тарихи нәтиже! Жеті боксшымыз әлем чемпионатының финалына шықты
- Түркістанда құны 146,8 млрд теңге болатын мақта өңдеу кешені салынады
- Алматыда «Медеуге» апаратын жол 14 жылда алғаш рет жөнделді
- Қытайлық компания еліміздің ауыл шаруашылығына 350 млн доллар инвестиция салады
- Қазақстан ғарышқа өз зымыранын ұшырады
- Маңғыстау облысына бөлінетін автогаз көлемі ұлғайтылды