Швейцария Конфедерациясына ресми сапары аясында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бернде Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы Эрик Нузбаумермен және Швейцария Конфедерациясының федералды кеңесшісі, Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесті.
Мәжіліс спикері Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцарияға 2021 жылғы қарашадағы алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа тарауын ашты. 2021 жылғы тамызда Қазақстанға Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің Төрағасы ресми сапармен келді. Біздің бүгінгі сапарымыз екі ел арасындағы парламентаралық диалогты нығайтуға септігін тигізеді деп ойлаймыз, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов өз әріптесіне Президент реформалары туралы айтып берді. Ол сондай-ақ VIII шақырылымдағы көп партиялы Мәжіліс жұмысы, оның ішінде қабылданған жаңа заңдар туралы мәлімет берді.
Өз кезегінде Эрик Нузбаумер Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар парламентаралық байланыстарды тереңдетуге дайын екенін жеткізіп, достық топтарының жұмысын белсене жалғастыруға мүдделі екенін айтты.
Швейцария Конфедерациясының Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесуде Мәжіліс төрағасы Қазақстан мен Швейцарияның әріптестігі өзара құрмет, достық және сенім рухында, оның ішінде парламенттер бағыты бойынша нығаятынына сенім білдірді.
Кездесу барысында елдер арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту мәселесі де талқыланды. Мәжіліс спикері Швейцария тарапының халықаралық аренадағы, соның ішінде БҰҰ алаңындағы Қазақстанның бастамаларын қолдауын жоғары бағалайтынын атап өтті.
Тараптар Қазақстан азаматтары үшін Шенген аймағының визалық режимін жеңілдету және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы өзара түсіністік жөнінде меморандум жасасу мәселелері бойынша да пікір алмасты.