Олжас Бектенов «ҚР-ҚХР сауда қатынастарын дамытудағы жаңа тәсілдер» тақырыбындағы экспорттаушылардың екінші форумына қатысу үшін Астанаға келген ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитеті хатшысының орынбасары, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниазбен кездесті.
Келіссөз барысында Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қытай – Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $31,5 млрд болды.
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы еліміздің төрт облысымен шектеседі. ҚХР-дың жалпы тауар айналымының 64%-дан астамы немесе $20,3 млрд-ы автономиялық ауданның үлесіне тиесілі.
Тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың нығайып жатқанын атап өтті.
• 2005 жылдан бастап ҚХР-дан инвестициялардың жалпы ағыны $25 млрд-қа жуықтады.
• Өткен жылдың 9 айында тікелей қытайлық инвестициялар көлемі 37%-ға өсті.
• Бүгінгі таңда 45 екіжақты жобадан тұратын тізімнің жалпы инвестициясы $14,5 млрд-тан астам соманы құрайды.
«Арадағы өзара іс-қимылдың маңызды бағыты – жаңа бірлескен өнеркәсіптік жобаларға негізделген, оның ішінде мұнай химиясы және металлургия салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту», — деді Олжас Бектенов. Ол сондай-ақ сауда қатынастарын әртараптандыру әлеуеті зор екенін атап өтті.
Келіссөз барысында Олжас Бектенов пен Эркин Тунияз өзара іс-қимылды дамытудың мүмкіндіктері ретінде транзиттік көлік, мәдени және өңіраралық бағыттарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және туризм салаларын атап өтті.