Қалың қардың еріп, су тасқыны алу қаупі бар деп айтылғалы айлар өтті. Барлық деңгейдегі әкімдер әскери парадты қабылдаған генералдай қаз-қатар тізіліп тұрған техникалар мен бар-жоғын киіп алған өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен жол жөндеушілердің баянаттарын қабылдап фото, видеоға түсіп, жылы кабинеттеріне кіріп кетті. Жарияланған видео, фотода Қазақстанның барлық өңірлерінің су тасқынына сақадай екенін көрсеткендей болды. Ал кешеден бері еліміздің түкпір-түкпірінен жандауыстары шыққан халықтан бейнеүндеулер, фотолар бүкіл әлемжеліні жаулап кетті. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола өңірлерін су басты. Мәселенің ушыққаны сонша Астанаға іргелес, Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылында тұрғындар Павлодар-Астана тас жолын жауып тастамақ болды. Әкімнен бұрын жеткен полиция, ОМОН қызметкерлері арасында кикілжін туа жаздады. Жағдайдың ушыққанын енді түсінген Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбеков пен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы екеуі келді. Бұл айғай Астанадағы Мәжіліске дейін жетті. Бүгін депутат Сергей Пономарев вице-премьердің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына сұрау жолдады. Дәл осы уақытта жаңадан тағайындалған Үкіметбасы Роман Скляр мен төтенше жағдайлар министрінің «барлығы бақылауда» деген баяндамаларын тыңдап, мәселені жылы жауып қоя салды. Ал өңір әкімдері өздерін емес, тұрғындарды айыптап әлек болуда. Үй салғанда фундаменттерін биік етіп салмаған дейді. Күлесіңбе? Жылайсың ба?
Депутат бүкіл ел бойынша су тасқыны жүріп жатқанын айтып, ең көп зардап шеккен өңірлерді атап өтті. «Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында, Астана маңындағы Қоянды ауылында үйлерді су басты. Қостанай облысында бірнеше ауыл су астында қалады. Кей жерлерде мектептермен балабақшаларға су кірді. Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл, Катонқарағай және Алтай аудандарында қар биіктігі екі метрге жетті» деді. Қыстай түскен қарды уақытында тазаламағандықтан орын алған төтенше жағдайға жауапты әкімдер де, Үкіметте үнсіз. Пономарев өз сөзінде «Үш апта бұрын Мәжілістегі депутаттар ескертіп айтып еді. Мыңқ еткен ешкім болмады. Су келетін бөгеттер мерзімінде бекітілмеген, суағарлар бітеліп қалған. Нәтижесінде 217 елді мекенді су басып, 86 мыңнан астам үй су астында қалды» деді. Бірақ бұл сандар облыс әкімдері мен Үкімет үшін түк емес сияқты. Ақтөбеде әуежайды су басты, көпір құлады. Әкімі үнсіз. БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының әкімдігіне су кіріп келгенде ғана камуфляжын киіп атып шықты. Осы жолғы су тасқынына жалғыз жауапты Орал қаласының әкімі Миржан Сәтқанов ғана сияқты. Мектептер мен ауылдарға барғанда әдемі сөйлейтін Ақмола облысының су жаңа әкімі Марат Ахметжановта халықтың үмітін ақтай алмай отыр деседі. Тағайындалғанына аз уақыт болса да облысқа көзге көрінердей жұмыс жасай алмады. Орынбасарлары мен аудан, қала әкімдерінің баяндамаларына сенген әкім мырза жылы кабинетінен шығып, су алып жатқан елді-мекендерді аралауға шамасы келмей-ақ тұр. Ал Қостанайдың облыс әкімі Амангелді кентін толығымен су алып кетсе де үнсіз отыруды жөн санауда. Өрт шықса да беттері бүлк етпейтін басшылары бар өңір халқының ертеңін елестетудің өзі қиын. Халықпен бірге болып, нақты іс жасайды деп үміттенген Президентке сөз келтірген әкімдер Ақ орданың ақ кілеміне қашан шақырылар екен?
Baimedia.kz