Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап елімізде менеджерлердің кадрлық резервін іріктеу және дайындауға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылуда. Оның алғашқы құрамына 207 педагог іріктеуден өтті. Қазір олардың 100-ге жуығы мектеп директоры қызметіне кірісті, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Кадрлық резервке алынған елордалық педагогтермен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кездесті.
Кездесуде ведомство басшысы білім беру сапасын арттырудың маңызды міндеттеріне тоқталды. Бұл — менеджментті нығайту, оқу бағдарламаларын жаңарту, ауыл мектептерін қолдау бойынша кешенді бағдарламаны іске асыру, педагогтерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру тәсілдерін жетілдіру, инфрақұрылымдық кешенді жақсарту, сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау сияқты бес негізгі бағыт.
Жобаға бүгінде педагогтер арасында сұраныс артып келеді. Биыл оған қатысуға 10 мың мұғалім өтінім берген. Былтырғы жылмен салыстырғанда қызығушылық танытып отырғандардың саны 2,5 есе артқан.