Осыдан екі күн аулаларын мен көшелерін толық су басқан Ақмола облысының Қоянды ауылының тұрғындары «Павлодар-Астана» тас жолын жабуға мәжбүр болды. Себебі қыстай шығарылмаған қар суы еріп, ауыл мен аулаларға, үйлерге кіре бастағанын айтқанмен ауылдың атқамінерлері мен ауданның шенеуніктерінің бірі де мән бермеген. Жанайқайын ешкім естімеген соң амалсыз тас жолды жапқан ауыл тұрғындарын ОМОН мен полиция әкеліп қорқытып, таратты. Ол аз болғандай «заңсыз митингі» жасады деген желеумен айыппұл салып кетті. Мәселеге мән бермей, көрпе астында тығылып жатқан Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбеков пен төтенше жағдайлар департаментінің басшысы әйтеуір амалсыз келді. Ертеңінде ғана төтеншеліктердің техникалары келгенмен ауылды әлі күнге дейін су жайлап жатыр. Мұндай жағдайлар Қостанай, Ақтөбе облыстарында болып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қолдан келгенін жасауда. Бірақ мұны қолдан жасаған жауапсыз атқамінерлер емес пе? Енді мұңын шаққан халыққа айыппұл салғаны несі? Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетауды су алып жатса да «мыңқ» етпеді. Қала тұрғындары қайықпен жүруге шақ қалды. Подьездері суға толып, тізесінен су кешкен тұрғындар видеоларын жіберіп, бұқаралық ақпарат құралдарынан көмек сұрады. Жалпы алғанда табиғи апатқа, су тасқыны, өрт болсын біздің елдегі әкім, қаралардың ешқашан дайын болмайтыны шындық. Тіпті халықтың өзін кіналап жатқандар да баршылық. Сондықтан да Қоянды тұрғындарына салған айыппұлдың негізсіз екенін айтқымыз келеді. Одан да жаздың жаймашуағында, қыстың қары мен көктемінің суын ескермеген әкімдерді жазалаған жөн сияқты.