Сандықтау ауданы прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың қызметінде жер заңнамасының сақталуының заңдылығына талдау жүргізді.
Прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, Мемлекет басшысының 2016 жылғы 6 мамырдағы мораторий енгізу туралы Жарлығын бұза отырып, шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалға беру шарттарында уақытша жер пайдалану құқығын беру фактілері анықталды.
«Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша сот шешімімен мемлекеттік қорға кадастрлық құны 42,5 млн теңгенің, ауыл шаруашылығы мақсатындағы, шетелдік тұлғаға заңсыз берілген 1,4 мың гектар жер қайтарылды», — делінген хабарламада.
Жер заңнамасының сақталуының заңдылығы мәселесі қадағалау органының тұрақты бақылауына алынды.