28 наурызда Астанада Майқайыңда шұңқырға құлаған автобус бойынша сот басталды. Павлодар облысында алтын өндіретін «Майқайың алтын» арнайы комиссияның апатқа 100 пайыз компания кінәлі деген ұйғарымына келіспейді
Майқайыңдағы үйінді астында қалған құтқарушы Айдос Шаймерденнің әйелі Нұрсұлу Шаймерден компания мен билік арасында сот жүріп жатқанда, күйеуі мен оның әріптесін іздейтін уақыт өтіп жатыр дейді.
«Іздестіру жұмыстары тоқтап тұрғанына бір айдан асты. Жолдасымды адам сияқты жерлегіміз келеді, жүргізуші екеуін шығарып беруді талап етеміз. Балаларым әкелерін сағынды. Тірі дейін десек, үйде жоқ, өлі дейін десек, бейіт басы жоқ. Ешкім өздеріне жауапкершілікті алғысы келмейді. Біз үшін бұл өте ауыр жағдай» деді Нұрсұлу Шаймерден.
Павлодар облысы Майқайың ауылында 4 қаңтарда кеніш аумағындағы шұңқырға құлаған автобус пен ішіндегі екі адам (Айдос Шаймерден мен құтқару қызметінің жүргізушісі Айып Тілеубергенов) әлі табылған жоқ.