Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевтің сөзіне қарағанда, жексенбі, 24 наурызда күн күрт жылынып, қар ери бастаған. Ал сәрсенбі күні кешкілік Қобда өзені арнасынан тасып, ауылдың батыс бөлігіндегі 97 үйді су басып қалды. Тұрғын үйлерден бөлек он шақты ғимарат суда тұр. Оның арасында бизнес және әлеуметтік нысандар бар.
– Тасқынның беті әлі де қайтпай тұр. Сондықтан су басқан үйлер мен ғимараттар саны әлі де көбейе түсуі мүмкін. Бір жақсысы, мал-жан аман, – дейді Ізгілік Тынымгереев.
Әкімдіктің мәліметінше, Мұғалжар ауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғын үй саны Қобдадағыдай көп емес. Ресми деректе 15 үйге су кіргені айтылады. Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайдың жариялануын тасқын салдарынан республикалық маңызы бар тас жолдағы екі көпірдің бүлінуімен байланыстырып отыр.
Қарғын судан Ақтөбе облысындағы 12 ауданның Қарғалыдан өзгесі түгел зардап шеккен. Әсіресе Қобда ауданындағы ахуал қиын.