Науат қар ери жөнелді. Елді су басты. Қызыл суға қылар биліктің дәрмені қандай екендігін ел көрді. Қазіргі таңда Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында Төтенше жағдай жарияланды. Отыз екі жылдан бері «шүкір» дегенінен жаңылмаған «тәубесінен арылмаған» халық өз күнін өзі көріп, өз жағдайын өзі жасап, мемлекетке сабыт салған жоқ. Билік пен бұқараның арасы бая-ғыда тоқсаныншы жылдарды аяғында ажырап қалған. Өйткені, қазіргі күні әкімдіктің қолында «өзімдікі деген» бірде-бір техника жоқ. Барлығы жекеменшікте. Ауылдарды неге су алып жатыр!? Өйткені, ауылдың барлығы ығайдың қолында, сығайдың қарамағанда. Шығайбайдың ықпалында.
Көбіктің көлеңкесіндей болған қайран қазақ су астында малы қалып, тірісі амалы болмаған соң… мектептің төбесіне шығып жан бақты. Тым құрмаса «ескегі бар қайығы да жоқ». Ауыл азаматтары «қайран биліктен қауқары болмайтындығын білді ме», әйтеуір кетпен-күректерін алып, суды шым тастап тоқтатып әлек болып жатыр.
Мұндайда бастары қоқаңдап қалатын «билікшіл партия» шай апарып, бауырсақ апарып бастарында жүр. Жарай-ды жүрсін. Шыдам, шыншыл харекеттері шығар. Бірақ «билікшіл партияның» атынан сайлауға түскен депутаттары бар, басқасы бар, қасқасы бар «алдын-ала болжам жасамаған» су тасқыны болатындығы күні бұрын белгілі болды. Өйткені, биылғы қардың орасан көп жаууы, көктемнің туатындығын ел білді.
Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,
«Дүние -алдамшы, өмір қу» деп елірме.
Қамдан, сақтан, қалғып бақ, бәле келсе,
«Бәрін құдай қылады» дегенге ерме!
Кешегі сұңғыла бабаларымыз. Көңіл де өледі демекші отыз жылдан астам уақыт бойы «сабырлық қыл» бәрі дұрыс болады деп, өз-өзімізді қамшылап келдік. Не дұрыс болды? Ауылдың ахуалы ма? Қазақтың жағдайы ма? Отыз екі жылдан бері демографиялық жағдайы да түзелген жоқ. 20 миллионыншы болдық деп, жерден жеті қоян тапқандай бөркімізді аспанға атып мәз болдық. Өзбекстанда біз сияқты бізбен бірдей тәуелсіздігін алған. Әне, күн санап өсуде.
Су басқан ауылдардың өтемақысы қалай болады екен? Біздің БАҚ -да қызық. Бүгін Қостанай облысының бір ауылы суға кеткен… Сол ауылға жүз мың теңгеден өтемақы беріліп жатыр дейді. Ұят-ай..! Жүз мың теңге бір тоқтының құны. Ит тартқан бөксемді, қасқырдан несіне аяймын деп, қараша халықты мазақ ету ме!? Ау, ақыл таразысына салып ойланып көрмей ме? Жүз мың теңге әрі кетсе сол билік басындағылардың түскі асы да болып жарытпайтын шығар!? Мазақ, келеке, жуас қазақты шора-шора қып күлкі қылу.
Қаншама мал суға кетті. Әлгінде ТикТок желісінде жылқышы жігіттің «ауыл я аудан әкімінің орынбасарына» 400 бас жылқы суға кетті деп ашынып айқайлап жатқан эмоциясын көрдік. Сақтық жасамаған. Биылғы жылы жасыратын жоқ, біраз ауылдардың жылқысы жем-шөп жоқ қынадай қырылды. Статистикалық жалған ақпарат беріп, ауылшаруашылығының мамандары «түш» дегізбей отырған көрінеді.
Халық босса. Түбі не болмақ!?
Мына заман қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ бақ-дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда шілдеде шаң борамай,
Қар жауған қаңтардағы қыстан жаманның
кері. Өтірік жалған ақпарат. Кейде билік тарапына сын айта қалсақ, жоққа шығарғысы кеп «фейк» деп ақталып әлек болады. Ол ол ма, қоңырау шалып міндетсіреп бітеді. Ау алдымен «етегіне қара» дұрыс па? Жыртығын көрініп жатқан жоқ па!? Оған мән бермейді. Әне Қояндыда заңсыз митинг ұйымдастырды деп жігіттерді әкімшілік жауапқа тартып жатыр. Елдің азаматтарын емес-ауданның әкімі мен ауылдың әкімін жауапқа неге тартпайды!? Митингке рұқсат бере қоятындай бәлсінулерін тіпті. Заңшыл бола қалады осындайда.
Үй -жайын су алып жатса, мен көшеге шығайын деп едім «митингке рұқсат берші» деп хат жазып, оның жауабын он күн күтіп отырғанда үйі суға кетіп, малы зардап шегіп тұралап қалмай ма!? Қызық… Әкім -қараның ойлағаны өз қамы. Оларға халықта, Отанда, елдің бірде-біреуі керегі жоқ! Тек астындағы «бұт артар» тағы аман болса болды.
Міне кешеден бері Біржан сал ауданына қарасты Невский ауылының тұрғындарының өтінішін жаздық. Бүгін Біржан сал ауданының әкімдігі «ол жол Бурабай ауданының шекарасында» деп тілдей хат жазыпты. Тоқта, бұл жолмен Невскийдің тұрғындары, Невский мен Үлгінің арасындағы жол жөнделмеген соң амалсыздан жүріп жатыр деп жауабына жауап жаздым.
Тіл жоқ. Дыбыс өшті…
Төтенше жағдай елде деп отырмыз. Жауаптыларға Президент қатаң сөгіс берді. Ал енді сұрақ; ел ішінде суға кеткен үйлерге мемлекет тарабынан қанша қаражат бөлінеді? Малы. Жиһазы. Үйі кетті…
Бұл жағын су басылып, күн құрғасын содан кейін көреміз. Қу шөппен ауызымызды сүртіп «Бере-міз деген» деп тағы да апы-күпіміз шығып қаламыз. Ал қазір белсенді боп жүргендердің ол кезде бірде-біреуін таба алмай қаласыздар! Сорлайтын тағы халық. Кім білсін, көмек болады деп жатыр ғой. Болсын!.. Бірақ…
Бурабайдың Жеңісі