Жалпы «Алаш» идеясын Жапонияны 21 жылда артта қалған аграрлық елден әлемнің ең қуатты мемлекетіне айналдырған Мэйдзи бағдарламасының қазақша баламасы болатын. Әлихан жапондармен қатар Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесін өз еліне қаз қалпында орнатпай, халқының өзіндік мәдениеті мен салт-дәстүрінің негізін сақтап «мәдени ренессанс» жасады.
«Тірі болсақ, алдымыз үлкен той, – деп қазақтың таяу арада ұлттық тәуелсіздік алатынына зор сеніммен жазды Әлихан 1917 жылдың тамызындағы «Қазақ депутаттары» айдарлы мақаласында, -–Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бізді бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!» [1].
ХХ ғасырдың 1905-1917 жылдарында Әлихан қазақты «Алаш» идеясы мен туының астына жинап, біртұтас алаш-қазақ ұлтын қалыптастырды, қазіргі қазақ ұлтының атасы болды деген пікірлер асыра айтылмаса керек-ті. Мысалға, көрнекті Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақ тарихынан» атты очеркінде мынадай пікір жазды: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» [2].
Студент кезінде марксизм идеясымен әуестеніп терең меңгерген Әлихан қазақтың жер-суын, тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын зерттеп, төрт түлік малын есепке алған 1896-1901 жылдар аралығындағы «Щербина экспедициясы» [3] мен Сібір темір жолы бойындағы қазақтың мал шаруашылығын, қазақтың ірі қара малы мен қой тұқымдарын және санын зерттеген 1902-1903 жылдарғы «Швецов экспедициясының» [4] жұмысына қызу атсалысты. Осы ғылыми жұмыстарынан кейін Әлихан қазақ қоғамын төл мәдениетінің ерекшелігі, әлеуметтік құрамы жағынан да, шаруашылығы тұрғысынан да тап-тапқа — еңбекші және капиталист-буржуаға бөлу тұрмақ, шаруа және феодал, яғни езуші және езілуші таптар деп жіктеуге болмайтынына көз жеткізіп, марксизммен біржола қош айтысты. 1910 жылы С.-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» очеркінде атап көрсеткендей, өзі тәрбиелеп өсірген «Алаш» зиялыларын бастап Әлихан қазақ елін Батыс Еуропа өркениеті деңгейіне жеткізуді түпкілікті мақсат етіп алды [5]. Осы мақсатқа ол мәдениеті мен әлеуметтік-экономикалық болмысы жағынан қазаққа бір табан жақын жапондардың әйгілі «Мэйдзи төңкерісі» тәжірибесін ден қоя зерттеді [6].
«Мэйдзи төңкерісі» немесе «Мэйдзи жаңғыруы» деп Жапонияны артта қалған аграрлық елден 21 жылдың ішінде әлемнің жетекші мемлекетінің біріне айналдырған 1868-1889 жылдар аралығында іске асырылған саяси, әскери және әлеуметтік-экономикалық реформалардың жиынтығын айтады. «Мэйдзи» саясатының нәтижесінде қазіргі жапон ұлттық мемлекеті мен бірегей жапон ұлты қалыптасты. Сегундар үстемдік еткен мемлекеттік биліктің самурай жүйесінен тікелей император мен ол жасақтаған үкімет басқаратын жүйеге көшті. «Мэйдзи жаңғыруы» іске асырылған жылдары жапондардың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі түбегейлі бұзылып, елде жедел түрде батыс өркениетінің жетістіктері енгізілді. Тұрақты армия құрылып, қару-жарақ пен соғыс техникасының, соғыс тактикасының ең үздік үлгілерімен қаруланды. Терең реформалар жапон қоғамының әлеуметтік, жер, қаржы-салық, ағарту-білім беру салаларын да қалдырмай қамтылып, ұлттық экономиканы дамытудың ең үздік технологияларға негізделген өнеркәсіптік жолына түсті.
«Мэйдзи төңкерісінің» тарихын зерттегенде Әлихан туған еліне жапон тәжірибесін айнытпай қолдануды жоспарлаған жоқ, ол мүмкін де емес еді. Оның көзқарасынша, біріншіден, Жапондар 1868 жылға дейін қазақ елі сияқты артта қалған аграрлық ел болса да, тәуелсіз дербес мемлекет болды да, жоспарлаған түбегейлі реформаларын сыртқы күштердің ықпалынсыз, араласуынсыз жүзеге асыра алды. Қазақ елі болса – 1847 жылы Кенесары хан қайғылы қазаға ұшыраған соң Қазақ хандығы біржорла ыдырап, Ресей империясының езгісінде душар болған еді. Сол себепті Әлихан «Алаш» қозғалысының стратегиялық мақсаттарының бір бөлігін ұлттық автономия құрмай тұрып-ақ, патшалық Ресей тұсында орыс оппозициясының көмегімен жүзеге асыруды көздеді. Ұлт-азаттық қозғалыстың страгетиялық мақсаттарының дені 1905 жылғы «Қарқаралы петиясында» көрініс тапты. Әлиханның 1905 жылы Ресейдегі ең ірі әрі ықпалды Конституциялық-демократиялық партиясына, І және ІІ Мемлекеттік думалар күшпен таратылып, 1905-1907 жылдар төңкерісі жеңіліс тапқан соң, оппозициялық күштерді біріктіріп, самодержавиені құлатуға жұмылдыру мақсатында құрылған аса құпия масон ұйымына кіруінің басты сыры да осында болатын. «Алаш» стратегиясына сәйкес, прогресшіл орыс партиялары мен масон ұйымының күштерімен самодержавиені құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің ізінше Әлихан кадет партиясымен де, масон ложасымен де қоштасып, «Алаш» партиясын құрды.
Әйтсе де Әлихан Ақпан төңкерісіне дейін өзінің жақын үзеңгілестерімен мәдениет, оқу-ағарту саласындағы реформаларын бастап, жартылай іске асырып та үлгерді. «Қиаметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, – деп үзілді-кесілді мәлімдеді Әлихан Түрік баласы деген лақап есімімен «Қазақ» газетінің 1913 жылғы алғашқы сандарында жариялаған «Қазақ тарихы» атты мақаласында, – Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» [7].
Оған қоса Алаш көсемі 1904 жылдан бастап туған еліне жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі – земствоны енгізу үшін күресті. 1906 жылы І Мемлекеттік думаға сайланғанда Әлихан земство енгізу, қазақ иеленіп отырған жерді қазақтың қауымдық меншігіне беру, қазақты әскери қызметке тарту, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ мектеп-медреселерінде ана тілінде оқыту туралы бірқатар заң жобасын дайындап қойған еді. Оның земство енгізбек ойының астарында – біріншіден, ата-баба жерін земствоның қарауына беріп, келімсектердің ағынын тежеу болса, екіншіден – қазақ мемлекетінің құрылысын оның берік негізін (фундаментін) қалалудан, яғни жергілікті инфрақұрылымның негізін қалап дамытудан бастауды көздеді. «Земство, – деп жазды Қыр баласы Алаш автономиясын жариялаудың дәл қарсаңында, – жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме. Жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тіршілікте земство билемейтін іс болмайды… Земство қойма-склад жасап, жұртқа арзанға егін оратын, пішен шабатын сайман алып береді… Осы күнде мұхитқа шатыр болатын, темір сататын земство союзы бар. Земство қолында сот болады. Судияны земство сайлап қояды. Милицияны земство жалдап қояды. Земство жол түзейді, көпір салады, арық қаздырады, су алған пішендікті құрғатады. Земство егінді, малды страхование қылады. Жұрттың өз тізгіні өзіне келді деген міне осы» [8].
Ал «Алаш» партиясының жарғысында жер мен земство турасында былай делінеді: «Жер законында жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу» [9].
Үшіншіден, Әлихан земствоны – қазіргі заман қазақтың мемлекеттік қайраткерлерін тәрбиелеу мектебі деп қарастырды. Ресейдің ХХ ғасыр басындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің дені земстволардан өсіп шыққан еді.
Қазақты әскери қызметтен босатқан орыс патшасының 1834 жылғы грамотасын (заңдық күші бар) бұзу арқылы өз халқына әскери борыш өтеу міндетін жүктемек болған Әлихан – атты казактардың үлгісімен қазақтардан өзінің әскери басшылығына қарайтын атты әскер құруды, осылайша – қазақтың тұрақты ұлттық армиясының негізін қалауды көздеді. Оны Әлиханның, Ахмет, Міржақып және тағы басқалардың 1913, 1915-1916 жылдары «Қазақ» газетінде жүргізген пікірталасынан байқаймыз. «Үкімет бізді тым-тырыс отырысқанда, жаяу салдат қылатын көрінеді, – деп атап көрсетті Қыр баласы 1916 жылы «Қазақ» газетінде, – Жұрт мұны ыңғайлы көрсе, босқа арамтер болмай, тыныш шаруасында жүре бергені жөн. Казак боламын десе, айтысқаны жөн. Менің білгенім, қазақ әскерге алына қалса, біздің жұрт казак кебін киюі мақұл. Казак законда право жолында мұжықтан ілгері, бұған себеп болған тарих жолы: мұжық құл болған, казак бостандық, құрдастық жолында болған, анық қызметті 12 жыл қыламыз деп, казак жер жағынан мұжықтан ілгері, ерке. Бізге мұны бермес, берсе ұтылмаспыз» [10].
Казак атаманы Анненковтың атты дивизиясы құрамында болған Алаш полкі жауынгерлерінің иығына және жеңіне таққан белгілері (погондары мен шеврондары)
Қазақтың атты әскерін оқыту-жаттықтыру үшін Алты Алаш көсемі, мысалға, Орынбор, Жетісу немесе Орал казактары әскерлерінің көмегін пайдалануды да теріс көрмеді. Ол ол ма! Әлихан казактардың шыққан тегі жағынан орыстарға емес, қазаққа бір табан жақын екенін ескеріп, бірақ Ресей империясының қазақ даласын отарлау саясатында негізгі тірегі әрі сойылы болған казактармен одақтасу мүмкіндігін қарастырды. Міне бұл қазақ ұлттық көсемінің алды-артын болжай білетін, қажет болғанда ымыраға келуге әзір, көздеген түпкілікті мақсатына жетудің кез-келген жолын қарастыратын прагмат, көреген мемлекет қайраткері екенін аңғартса керек. Оған тағы бірден-бір дәлел ретінде Әлиханның Уақытшы үкіметтің Торғай облысындағы комиссары болған кезде Орынбор казак әскерінің юнкерлер училищесі бастығңына жазған мына хатын келтіруге болады. Бұл хаттың тарихи құндылығы – ол Алаш автономиясы жарияланбаған 1917 жылдың қарашасында жазылған. «Біз, қазақтар (түпнұсқада «қырғыздар» – С.А.), — деп бастайды өз хатын Әлихан Бөкейхан, — шұғыл түрде халық милициясын құрамыз деп шештік. Біз қазақ жастарынан ерікті нұсқаушылар (инструктор) дайындауымыз керек. Сіздің юнкерлер училищеңізге толығымен қазақтардың есебінен қамтамасыз етілетін қазақ жастарын қабылдау мәселесін өзіңізбен талқылау үшін сізден маған уақыт белгілуіңізді өтінемін. Торғай облыстық комиссары Ә. Бөкейхан» [11].
Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары Ә.Н. Бөкейханның қазақ жастарынан офицерлер әзірлеу туралы юнкерлер мектебінің бастығына жазған хаты (ҚР ОММ, 17 қор, 1 тізбек, 17 іс, 203, 203 артқы парақтар)
Алайда, тарихтан мәлім, Қазақ өлкесіне земство патшаны құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін енгізіле бастаса, ұлттық армия құру – Алаш автономиясын жариялаған соң ғана қолға алынды. Алаш автономиясының төрағасы (Алаш партиясының жарғысына сәйкес – президенті. – С.А.) әрі премьер-министрі міндетін қатар атқарып жүрген Әлихан 1918 жылдың жазында «Абай» журналында «Асыққанда істейтін ісіміздің ең алды – милиция жасау. Милиция жасау жолына білгендер білімін, малдылары малын, азаматтар жанын аяп қалмасқа керек… Біз өз тізгінімізді өзіміз алып, өз ұлтшылығын өзі сақтайтын жұрт болу үміті үстінде тұрмыз! Сол мақсатымызға жетуімізге де, жеткеннен кейін бекуімізге де милиция керек» [12] – деп жазды. «Біздің әскер басы адамдарымыз да, –- деп ескертті Алаш-Орда төрағасы тағы да сол «Абай» журналында, – өзімізден болуы керек. Болмаса, жаттың төрелерінен талайы желкені жейді, жазықсыз каталачканы [каталажка] көреді. Қазақтан оқыған әскер басшыларымыз болса, әскерді оқытып, өнеге етіп үйретіп көзін ашады. Қазақтың мінезін, салтын, тілін білмеген бастық жазадан басқаны білмейді». Әлиханның пікірінше, надан жауынгер жақсылық, жамандықты айырмайды. «Үйретпесе, тәртіп, үлгі алмаса, бет-бетімен жайылып, не түрлі бассыздық істейді. Орыстың қырық бөлек болып қырқысып жатқаны салдатының надандығынан» [13] – деп Әлихан халқы алдына сауатты да кәсіби ұлттық армия құру мақсатында қойды.
Әлиханның «Мэйдзи жаңғыруы» тәжірибесін өз елінде өзгеріссіз қолданғысы келмеуінің тағы екі сыры бар-ды. Біріншісі, Алты Алаш көсемі қазақ пен жапон салт-дәстүр, мәдениеттерінің, ұстанған шаруашылықтарының өзіндік, қайталанбас ерекшеліктерін ескерді. Екіншісі — Жапония монархиялық билікті сақтап қалды. Ал Әлихан Бөкейхан саяси көзқарасы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш шынайы демократ, либерал болатын. 1917 жылдың 13 желтоқсанында Әлихан өзімен бірге Алаш автономиясының төрағалығына ІІ Думаның депутаты Бақыткерей Құлманұлы мен заңгер Айдархан Тұрлыбайұлының дауысқа түскенін қалап, шынайы демократиялық сайлауда басым дауыспен жеңіске жеткені мәлім. Әлихан Бөкейханның бұл әрекетінен Қазақстанда демократиялық сайлау дәстүрінің негізін қалағысы келгені байқалады.
«Алаш» партиясының жарғысына сәйкес, қазақтың 1917 жылдың 13 желтоқсанында азан шақырылып құрылған Алаш автономиясы өзі де – «үкімет басында «Учредительное собрание» мен «Государственная Дума» қалауынша кесімді жылға сайланатын президент болатын» парламенттік республика болып дүниеге келген-ді [14]. «Автономия болған — — өз алдына мемлекет болған, — деп түсіндірді Әлихан өзінің «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінде 1917 жылдың қазан айында басылған «Жалпы сібір сиезі» атты мақаласында, — Мемлекет болып іс атқару оңай емес». Ал «Алаш» партиясының жарғысында әрі қарай былай делінеді: «Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер «Учредительное собрание» мен «Государственная Дума» алдында жауапты болу. Депутаттар тегіс, тең, төте һәм құпия сайлаумен болады. Сайлау хақында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болады» [15].
Алаш автономиясының заманынан озық туған тағы бір ерекшелігі – ол дін істері мемлекеттен бөлінген зайырлы, біртұтас (унитарлық) демократиялық мемлекет болды. Дінді мемлекет істерінен бөлгенде Әлихан мемлекеттің де гүлденуін, діннің де аяқасты болмауын мақсатын етті. «Франсұз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді, – деп атап көрсетті Әлихан «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» атты шағын мақаласында, – молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді, рухани іс аяқ асты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Орысша оны «отделение церкви от государства» дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды» [16].
Алаш көсемі жерді меке-меншікке беруге үзілді-кесілді қарсы болды да, қауымдастық меншікке берілуін қолдады. Оның сырын аталған шағын мақаласында былай деп түсіндірді: «Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұрдша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді!» [17].
Әлихан Бөкейхан Алашты автономия деп жариялағанымен, қазақтың таяу болашақта толық тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болатынына күмән келтірмеді. Оны «Жалпы Сібір сиезі» мақаласындағы мына жолдарынан көреміз: «Қазақ ұлты… Сібір автономиясына уақытша қосылады. Өздері, біз енді бөлініп, өз алдымызға автономия боламыз деген күні босанып, автономия болады деп. Биыл жаздай болған комитет сайлаулары, біздің қазақ өзін-өзі билегенде істеген істері көрсетіп тұр: іс атқаратын азаматтың аздығын, жалпы жұрттың қараңғылығын біз ойладық, әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып, көшіп кетелік; жіп жалғап, зор мемлекет көрнеуінен құтылып-ап, отау болып соңынан бөлінелік деп» [18].
Бұл жерде Алаш көсемінің «зор мемлекет» деп отаршыл Ресей империясын айтып отырғаны түсінікті болса керек. Әлихан қазақтың Ресейден бөліну мүмкіндігін айтпағанда, тіпті оның құрамында ұлттық автономия алуына да енді тіпті орыс демократтарының қарсылығына тап болатынын жақсы сезді. Сол себепті ол «Алаш» партиясының жарғысына «реті келсе, Қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен (яғни, башқұрт, татар, қырғыз) әзірге бірлесе болуы, реті келмесе – бірден-ақ өз алдына жеке болуын» [19] деген жолдарды кіргізді. 1937 жылдың 6 тамызында Мәскеудің Бутырка түрмесінде ОГПУ тергеушісіне берген жауабында ол былай деп атап көрсетті: «Біздің «Алаш» партиямыз басқа ұлттық партиялармен саяси блок құрды (Татарстан, Башқұрстан и және т.б.). Құрылтай жиналысынан орыстың буржуазиялық партияларымен уәжге келе отырып Ресей буржуазиялық-демократиялық мемлекетінің құрамында ұлттық облыстардың автономиясын бірігіп талап ету – осы бірігудің басты мақсаты болды» [20].
Әлихан Бөкейхан – Алаш автономиясының Кеңес өкіметін мойындап, Қазақ кеңестік социалистіка автономиясы құрылған 1920 жылдың қазан айында
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң құрылған Уақытша үкіметтің де, оны құлатып билікті басып алған большевиктік биліктің де бұрынғы отаршыл империя құрамындағы түркі мұсылман халықтарының бірігіп ортақ мемлекет құруынан қатты сескенгені жасырын емес. Міне осы жайтты жақсы білген Әлихан ОГПУ тергеушісі алдында ағынан жарыла қоймағанын ашық айту керек. Ашығына келгенде, Әлихан Ресей империясының отарлығында болған түркі-мұсылман халықтарының біртұтас мемлекетін құруды ұсынып, орыстың төңкерісшіл демократтарын шошытып алмас үшін оны «Ресейдің Шығыс мұсылмандары федерациясы» деп атауды ұсынады. Ол туралы 1917-1919 жылдарғы Башқұрт автономиясының төрағасы Ахмет Заки Валидов өзінің Түркияда жарық көрген естеліктерінде жазып қалдырды. Оның осы естеліктерінен туатын тағы бір маңызды қорытынды: 1917 жылдың қарашасында Қоқан қаласында құрылған, тарихтан «Қоқанд автономиясы» деген атаумен белгілі Түркістан мұхтарияты да Әлиханның тапсырмасымен құрылған болып шығады. «Қазақ халқының көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсын, Шыңғыс ханның ұрпағы, Бөкей ордасының аса құрметті өкілі, егде жасқа келген Шәңгерей Сұлтан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев, Жиһанша Досмұхамедов және басқалар қазанның соңы – қарашаның басында Торғай губернаторы Ғалихан Бөкейханның резиденциясына жиналды. Мен бірнеше мәжіліске қатыстым. 28 қазанда Ташкент қаласы да Кеңестердің қолына өтті, сол себепті Мұстафа Шоқаев Орынборда кідіре тұруға бел буды. Қазақ көсемдері маған башқұрт істерін уақытша қоя тұрып, Шоқаевпен бірге Ташкентке баруды ұсынды. Талдау 2 күн жалғасқан мәжілісте жүріп, негізінен біздің келешек тағдырымызды айқындап берді. Демократия идеясы мен Құрылтай жиналысына адал болып қаламыз, бәлшебектерді мойындамай, облыстық автономия саясатын ұстанған Украинаны үлгі етіп алатын болып шештік. Желтоқсан айының соңында (1917 жыл) бір мезгілде Орынборда қазақ және башқұрт құрылтайларын өткізу, Түркістанда да егемендік жолындағы күресті бастайтын болып келістік» [21] – деп мәлімдейді Заки Вәлиди Тоған.
Әлихан жапондардың тәжірибесін үлгі ете отырып, қазақ елін қысқа уақыттың ішінде мәдениеті мен экономикасы өркендеген әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына жеткізуді ойлады. Оның кәміл сенімінше, Қазақ елінің дүние жүзіндегі қуатты агро-өнеркәсіптік мемлекетке айналатындай зор әлеуеті бар. «Қазақ» газетіндегі мақаласында ол халқына отырықшылық тұрмысқа көшіп, қолынан келетін ең жақсы кәсібі – мал шаруашылығын өркендетуден бастауды ұсынады: «Еуропада Швейцария жұрты жері Түркістан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтін биік тау, малға жақсы, егінге жаман, адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы мал бағу. Жер аз болған соң малдың басын азайтып, сүйегін асыл қылып мал бағып тіршілік қылып отыр. Қадағын 80 тиын бір сом 20 тиын біздің орыстың қаласында сатылатын ірімшік осы Швейцария шығарған болады. Аустралия жері біздің қазақ жері сияқты шөл, топырағы жасық болған соң Англия жұрты қой бағып мал шаруасын қылып отыр. Аустралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп Петербор базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр» [22].
Қазақтың жері, — деп мәлімдеді Әлихан келесі бір мақаласында, — малдың кіндігі. Кулешов деген орыс ғалымының пікіріне сүйене отырып, ол қазақ қойының етіндей нәрлі ет жер бетінде жоқ [23]. Алайда, деп өкініш білдіреді Әлихан, кең байтақ жері мен төрт түлік малының қадірін білмей келеді: «Бізде сиыр еті 10 пұт 21 қадақ, Германияда 17-18 пұт. Міне, мәдениет бойы биік-аласасы көрініп тұр. Көп жерде отырып мал да асырай алмады деген осы болады. Қазақта мың адамға 1750 сиыр келеді. Бұл орыстағы мың адамға келетін сиырдан 5,5 есе, Еуропадағы мың орысқа келетін сиырдан 28 есе артық. Қазақ жүрген барлық 240 миллион [десетине] жерді, мұның ішінде мұжық алған жер де бар, миллион қазаққа бөлсең, үй басы 240 десетине болады. Бұл жер мұжық сыбағасы 15-тен 16 есе көп. Жеріміз 16 есе артық, сиырымыз 28 есе артық. Мұның бізден мал басынан асырғаны қайсы?» [24].
Алаш көсемі қазақты егін, мал шаруашылығын жедел дамыту үшін кооперативке бірігуі шақырды. Оған үлгі ретінде Әлихан тағы бір Еуропа елінің үздік тәжірибесін келтіреді. «Дания деген, — деп жазды ол 1924 жылы «Ақ жол» газетінде шыққан мақаласында, — Еуропадағы кішкене мемлекеттердің бірі. Данияның жері 49 мың 83 шаршы километр. Адамы 2,5 миллион. Жері біздің қазақтың бір оязының жерінен аз, адамы — орташа екі облыстың еліндей…
Данияда жалпы жұрттың күнелткені – егін салу мен мал бағу… Жалпы елдің білімі молдығынан, кәператипке сүйеніп істегендігінен байлық Дания еліне күйедей жаққан. 1899-ыншы жылдың басында Данияда 1 мың 273 кәператибі бар екен. 1 кәператипке 500 бұзаулы сиыр келген. Бұ кәператиптердің сарымай, ірімшік істейтін 4-тен 20 мың сомға дейін тұрарлық заттары бар. Кәператип болмаса, мұндай зор іс 2-3 сиырлы шаруа қолынан келе ме? — «Көп түкірсе – көл болады». Біздің Ресей мұжығынан Дания мұжығы 19,5 есе бай. Біздің Ресей мұжығы олақ егінші, Дания мұжығы шебер малшы келеді…
Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге қызмет қылатын… май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын кәператип керек» [25].
Әлихан ұлттық экономиканың ауыр өнеркәсіп саласын тұрғызып дамыту қазақ елінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі – земствоны енгізу қажет деп санады: «Соқасыз, шалғысыз, машинасыз қазақ болмайды. Көп земство қосылып, күрмеліп, союз болып завод ашпақ. Керек-жарақты осы заводта істетпек» [26]. «Гәп егін салғанда, мал баққанда ғана емес: егін сал, мал бақ, кен қаз, бірақ – шебер бол!» [27] деп үндеді Әлихан Бөкейхан соңына ерген Алты Алаш халқын.
Сұлтан Хан Аққұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры