Қытайда шығарылатын «Рапилин» атты жаңа инсулин секем туғызатынын 18 наурызда алғаш болып мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова айтты. Палата отырысында депутат қазақстандық пациенттерге арналған жаңа инсулин клиникалық зерттеулерден өтпегенін мәлімдеді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері препарат пациенттерге тегін медициналық көмек ретінде беруге болатындай сапалы деп есептейді.
Емханада Қытай препаратын алғандардың бірі – алматылық Дамира Ауғамбаева. Ол екінші типті қант диабетіне шалдыққан.
«29 наурызда емханадан жаңа инсулин алдым, бірақ оны қалай қолдану керегін мүлде білмеймін. Тек картридждері бар, шприці жоқ. Дозаны қалай есептеу керегін де түсінбеймін. Ешкім түсіндірмеді» деп шағымданды Дамира Ауғамбаева.
Бір атап өтер жайт, «СК Фармация» медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектердің бірыңғай дистрибьюторі Азаттыққа берген жауабында қалам-шприцтерді де, картридждерді де сатып алғанын айтты.
Дамира бұрын инсулинмен бірге үш дәріні инъекция түрінде алатын және бірқатар дәріні таблетке түрінде ішетін. Енді ол жаңа препарат алып, қолдануға қорқып қалған.