Сирия астанасы Дамаскіде Иран елшілігі аумағына жасалған әуе шабуылынан Иранның элиталық Ислам революциясы сақшылары корпусының екі генералы қаза тапты. Шабуылды Израиль жасаған деген болжам айтылды.
ISNA агенттігінің жазуынша, қаза тапқандар арасында Иранның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің бірі — «әл-Құдыс» күштері командирлерінің бірі Мұхаммед Реза Захеди, оның орынбасары, бригада генералы Мұхаммед Хади Рахими және олардың бес әріптесі бар. Иранда оларды Сириядағы әскери кеңесшілер деп атаған.
Сирия қорғаныс министрлігі Израиль ұшақтары Голан жотасынан шабуылдаған деп хабарлады. Сирия әуе қорғанысы израильдік бірнеше зымыранды атып түсірді деген хабар тарады. Шабуыл салдарынан елшіліктің екі күзетшісі жараланған.
Израиль шабуылға түсініктеме бермеді.