Әзірге тасқыннан келген залалды барлық өңір бірдей есептеп біткен жоқ.
Топан су Қазақстанның бірнеше облысындағы тұрғындарды есеңгіретіп жіберді. Бірінде үйі мен мал-мүлкі су астында қалса, екіншісінде тұратын баспанасы ішінара бұзылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан жағдай «Үкімет пен әкімдіктердің арасында жүйелі байланыс болмағандығынан» деп баға берді. Мемлекет басшысы тасқынға байланысты қазақстандықтардан кешірім сұрап, жауапты шенділерге қатаң сөгіс берді.
Үкімет су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың барлық шығынын өтейміз деп отыр. Тасқыннан зардап шеккендер өтемақыны қалай ала алады? Ол үшін қайда жүгінулері тиіс? inbusiness.kz сайты осы тақырып төңірегінде шолу жасады.
Жалпы алғанда тасқын болған өңірлерде тұрғындарға келген шығынды өтеу алгоритмі ұқсас. Алайда бүгінде ТЖ жарияланған аймақтарда тұрғындарға келтірілген зиян көлемі толық есептеліп бітпеді.
28 наурызда су тасқыны салдарынан Ұлытау ауданының Жезді кентінде төтенше жағдай жарияланды.
«Тасқын салдарынан зардап шеккен тұрғындарға өтемақы ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 қаулысымен бекітілген «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу» қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін анықтау бағалаушының қатысуымен анықталады. Материалдық нұқсан келтірілген зардап шеккен тұлғалар бағалауға өтінімді тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органға өтініш білдіре алады. Бүгінде облыстық және жергілікті бюджет резервінде табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға 3 млрд теңге қаражат қарастырылған», — делінген Ұлытау облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің inbusiness.kz ресми сауалына берген жауабында.
Қарағанды облысына қарасты Шет ауданында 29 наурыз күні жергілікті деңгейде ТЖ режимі жарияланды. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, ауданда тұрғындарға келтірілген залалды бағалаумен айналысатын комиссия құрылғаны айтылды.
Қазір әрбір тұрғын аудан, ауылдық округтер әкімдігінің жедел желісіне хабарласып, келтірілген зиян туралы хабарлай алады. Сенім телефоны: 8 (710) 31-21-5-09, 21-3-04.
«Өтініш беруші залал келтірілген мүліктің құжаттарын және төтенше жағдай салдарынан өлген малдың деректерін ұсынуы тиіс. Комиссия бағалаушы компанияларын тарта отырып, (жиһаз бен тұрмыстық техникаға) келтірілген залалды анықтау және оны құжатқа түсіру үшін үйлерді аралайтын болады. Әрі қарай бағалаушы маман бағалау жүргізіп, келтірілген залалдың мөлшерін белгілейді. Осыдан кейін комиссия жәбірленушіге келтірілген залалды өтеу туралы шешім қабылдайды. Өтемақы төлемдерінің сомасы келтірілген залал көлеміне байланысты болады. Комиссия өз жұмысын осы апта ішінде су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталғаннан кейін бірден бастайды», — деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осыған дейін су тасқынынан зардап шеккен қостанайлықтарға өтемақы төлеу басталғанын жаздық. Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің дерегінше, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде зардап шеккен тұрғындарға 3 негізгі бағыт бойынша көмек көрсетілетін болады.
«Біріншіден, әлеуметтік қорғау желісі бойынша 50 АЕК немесе 184 600 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Ол үшін келтірілген залал дерегін растайтын өтінішпен және құжаттармен (ТЖ органдарының анықтамасымен) әкімдікке немесе ауылдық округ әкіміне жүгіну қажет. Екіншіден, жылжымайтын мүлікке (үйге, ғимаратқа), жылжымалы мүлікке (автокөлікке, ауыл шаруашылығы техникасына және т.б.), малға және т.б. залал келген кезде зардап шеккендерге жергілікті бюджет қаржысы есебінен төлемдер жасалатын болады. Ол үшін жергілікті әкімдіктерге өтінішпен жүгініп, жоғалған мүліктің тізбесін және меншік құқығын тіркеу туралы растайтын құжаттарды қоса беру қажет. Төрт түлік Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесінде тіркеуде болуы тиіс», — делінген хабарламада.
Жергілікті атқарушы органдар жұмылдыратын тәуелсіз бағалаушылар залал мөлшерін айқындайды.
«Үшіншіден, бюджет қаражатынан бөлек бей-жай қарамайтын азаматтар мен кәсіпкерлердің ерікті демеушілік қаражаты есебінен қосымша көмек көрсету жоспарланып отыр. Мұндай тәжірибе осыған дейін Қарасу ауданындағы су тасқыны және Әулиекөл ауданындағы өрт кезінде қолданылған», — деп хабарлады Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, осыған дейін тасқыннан зардап шеккендерге келтірілген шығындар қалай өтелетінін жазған болатынбыз.
Үкіметтің мәліметінше, материалдық зардап шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға материалдық залалды өтеу туралы өтініш беруі тиіс.