Көктем басталғалы республикалық автожолдарда 66 су басу фактісі тіркелді. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды Azattuq Ruhy.
«Бүгінгі таңда бұндай фактілер 5 өңірдегі – Абай, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстарындағы ұзындығы 980 метрді құрайтын 5 жолда кездеседі. Осыған байланысты жалпы ұзындығы 410 шақырымды құрайтын 6 жолда қозғалысқа шектеулер енгізілген. Қауіпті участкелер мен жасанды құрылыстар тәулік бойы бақылауға алынған», — деді Көлік министрі.
Елді мекендерге су басу қаупін төндірмеу мақсатында жолдар бұзылып жатыр.
«Биыл 28 наурызда Ақтөбе облысы Самара-Шымкент жолының учаскесінде Ырғыз өзені арқылы өтетін көпірдің кіре берісін су шайып кетті. Жол тәулік ішінде қалпына келтіріліп, қозғалыс қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, 30 наурызда Қарағанды облысы Бастау-Ақтау-Теміртау жолының Нұра станциясы аймағында орналасқан елді мекенді сақтау үшін жол төсемі мәжбүрлі бұзылды. Су деңгейі төмендегеннен кейін жолдың бұл бөлігі қалпына келтіріледі», — деді Қарабаев.
Министрдің сөзінше, бұзылған жолдарды реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша жасанды құрылыстар салынады, құбырлардың өткізу қабілеті ұлғайтылады, жер төсемдерінің биіктігі арттырылады және бірінші кезекте, апаттық жағдайдағы көпірлер жөнделеді.