Қазақ кинематографиясында жаңа үрдістер байқалып, саланың дамуында өзгерістер кезеңі басталды. «Қазақфильм» бұрынғы абыройын қайтара ала ма? Балаларға арналған фильмдер саласында ахуал қалай? Киноөнер қайраткерлеріне мемлекеттік қолдау қажет пе? Жас режиссерлер арасынан кімдерге назар аудару керек? Осы және өзге де сұрақтарды BM.KZ тілшісі белгілі кино сыншысы Кәрім Қадырбаевпен талқылады.
– Кәрім мырза, әңгімемізді қазіргі қазақ киноиндустриясының жағдайынан бастасақ. Қазір бәрі жақсы ма, жаман ба, әлде қалыпты деңгейде ме? Кино сыншысы ретінде сіз қалай бағалар едіңіз және қандай негізгі үрдістерді байқадыңыз?
– «Жақсы» не «жаман» деп біржақты айту дұрыс болмас. Өкінішке қарай, киноның қалай дамуы керек екенін айқындап беретін ережелерді ешкім жазбайды. Бұл – ережесіз ойын секілді. Дегенмен, соңғы жылдары айқындала бастаған бірқатар үрдіс бар.

Соңғы үш жылда көңіл көншітпейтін бір жағдай – Камбоджа, Вьетнам, Қытай сынды шетел курорттарындағы қазақтар туралы түсіретін комедиялардың көбейіп кетуі. Не себеп екенін білмеймін. Бәлкім, кинематографистеріміз көп саяхаттай бастаған шығар. Кейде, тіпті, демалысқа барып, бір жағынан сол жерде фильм түсіріп жүргендей әсер қалдырады. Бірақ бұл үрдіс біртіндеп жойылады деп ойлаймын. Дәл сол сияқты, бірнеше жыл бұрын танымал болған «той комедиялары» да бірте-бірте азайды.
Жағымды жаңалық – ақыры балаларға арналған фильмдер түсіріле бастады. Бұрын бұл үлкен проблема болатын. Балалар жайлы бір ғана «Каникулы off-line» франшизасы бар еді, сонымен бітетін. Биыл, мысалы, кеңес дәуіріндегі «Менің атым Қожа» фильмі «Менің атым Қожа 2» (Жаңа саяхат) ретінде қайта түсірілді. Маған өте ұнады. Фильм ретро-стильде сақталып, заманауи музыкамен жаңаша тыныс алған. Сондай-ақ, халық арасында үлкен сұранысқа ие болған «Болмаған балалық шақ» – фэнтези элементтері бар, бірақ ертегісіз, өткір әлеуметтік мәні бар мықты туынды. Ал жақында «Tiger Films» студиясы шығарған «Байдың баласы» да кассада жақсы көрсеткіш көрсетіп жатыр. Бұл фильмде әлеуметтік теңсіздік мәселесі көтеріледі.
Сондықтан биыл прокатта ерекше көзге түскен үш фильм бар – бұл жаман көрсеткіш емес. Сонымен бірге, «Жеті гүл» – қазақ отбасындағы әйелге деген көзқарасты бейнелейтін тамаша картина, онда да негізгі оқиға балалар төңірегінде өрбиді.
– Соңғы жылдары «Қазақфильм» мен салалық министрлік арасында келіспеушіліктер болып келгені белгілі. Министр Аида Балаева студияда реформалар жүргізіліп жатқанын, қаржыландыру принциптері мен сценарий іріктеу тәсілдері өзгергенін әлденеше рет айтқан болатын. Мұның бәрі студияны қайта жаңғыртуға бағытталғаны түсінікті. Сіздің ойыңызша, жаңа менеджмент дағдарыстан шығара ала ма?
– Қазір қызық жағдай қалыптасып отыр. Жаңа менеджменттің бұл істі алып шығуына мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Олар тек мемлекет қаржысын күтіп отырмай, әр түрлі шығармашылық коллаборация жасап жатыр. Мысалы, «Қазақфильм» «Tiger Films» студиясымен бірігіп, «Қызғылт қоян туралы хикаяның» жалғасын түсірді. Бұл – танымал бренд, сондықтан жобаның болашағы бар деп есептеймін. Айтпақшы, бұл туынды мемлекет қаржысына емес, «Tiger Films» студиясының қаражатына түсірілген. Енді бұдан не шығарын көрейік.
Сонымен қатар, «Қазақфильм» қазір жанрлық киноға көбірек көңіл бөле бастады. Бұл – дұрыс бағыт. Өйткені көрермені жоқ киноның қажеті қанша? Сондықтан таза идеологиялық, патриоттық бағыттан гөрі көрермен қызығатын фильмдерге бетбұрыс жасау – оң қадам.
– Мәдениет министрлігі мемлекеттік қаржыландыруда патриоттық бағыттағы фильмдерге басымдық беретінін талай рет мәлімдеді. Бұл құптарлық, бірақ көбінесе мұндай картиналар көрермен қызығушылығын тудырмайды, бюджет қаржысы да босқа кетеді. Мұнда не дұрыс жасалмай жатыр? Патриоттық, сонымен бірге, көрермен жинай алатын фильмдер түсіру үшін не істеу керек?
– Патриоттық киноның жағдайы айтарлықтай мәз емес. Дегенмен, барлық фильм жаман деуге болмайды. Мысалы, мемлекет қаржыландырған «Патриоттар уақыты» сапалы түсірілген. Ал «Бүркіт» фильмінде сценарий мен монтаж жағына сұрақ бар, бірақ визуалды тұрғыда бәсекеге қабілетті.
Ал тарихи фильмдерімізде адамдарды емес, ескерткіштерді көрсеткендей әсер қалдырады, бұл үлкен мәселе. Кейіпкерлері тым мінсіз, кемшіліксіз бейнеленеді. Қалай дегенмен де көрермен киноға оның ішіндегі адамды көруге барады. Мұны түсіну керек. Тағы қайталайын, бұл мәселе түптеп келгенде біздің тәрбиемізге тіреледі. Бізде ата-бабаларымыз әрдайым ұлы, ешқашан қателеспеген, мінсіз болған деген түсінік бар. Мұндай үрдістен арылып, адамдарды шынайы, тірі қалпында көрсету қажет.
Дегенмен, «Міржақып. Оян, қазақ» сияқты түсініксіз феномендер де бар. Бастапқыда бұл телетуынды болып, кейін кинотеатрда көрсету үшін қайта монтаждалды. Фильм қомақты табыс жинап, тез арада вирустай тарап кетті. Мүмкін, осы кейске де назар аудару керек шығар. Жалпы, патриоттық тәрбие беру үшін мен Рүстем Омаровты тартар едім. Ол бірнеше өткір әлеуметтік жоба жасады. Мысалы, «Алаяқтар», «Тұтқындар», «Meow» сериалдары. Бұл туындылар қоғамдағы өзекті әрі көкейкесті мәселелерді қозғайды. Қазір олар «Алаяқтардың» екінші маусымын түсіруді жоспарлап отыр. Бұл – өте маңызды, өткір әлеуметтік және бір жағынан патриоттық жоба. Сондай-ақ, олардың футболдағы жемқорлық жайлы «Офсайд» атты сериалы жарыққа шығуға дайындалып жатыр. Ол да өзекті тақырып. Сондықтан, мен мемлекетке халықтың ішінен шыққан, өз халқына жаны ашитын және онымен бір тілде сөйлей білетін осындай адамдарға назар аударуға кеңес берер едім.
– Қазір Netflix-пен бірлесіп Жошы хан туралы сериал түсірілу үстінде. Мұндай коллаборация еліміздің тарихын шетелдік көрерменге жеткізуге мүмкіндік беретіні айтылып жүр. Сіз қалай ойлайсыз?
– Netflix жобасы туралы нақты айта алмаймын. Менің түсінгенім, бұл толық көркем сериал емес, деректі-көркем форматтағы туынды. Мұндай жанр аса танымал емес. Әрине, біреулер көруі мүмкін, бірақ мен одан үлкен нәтиже күтпеймін.

– «Қазақфильм» үздік сценарийлерге конкурс өткізіп жатыр. Соңғы жылдары үлкен экранға шыққан картиналардың сценарий сапасына бағаңыз қандай?
– Сценарий жағынан сапасы өсіп келеді деуге болады, бірақ қарқыны баяу. Сондықтан кесіп айту қиын. Дегенмен, мен «Қазақфильмнен» серпіліс күтем. «Капитан Байтасов» пен «Қызғылт қоян туралы хикая 2» фильмдерінен үміт бар.
– Жас отандық режиссерлердің ішінде кімді атап өтер едіңіз және нағыз серпілісті кімнен күтуге болады?
– Жас режиссерлерге келсек, Қазақстан кинокритиктер қауымдастығында біз жыл сайын дебюттер мен толықметражды картиналарды атап өтеміз. Қазір мен Айтөре Жолдасқалидің «Ауру» атты екінші толықметражды фильмін күтіп жүрмін. Бұл жолы шынымен ерекше дүние болайын деп тұр, дейді. Ал Дархан Төлегенов екі жылға жуық уақыт бойы өзінің екінші картинасын – «Жаза» фильмін шығара алмай жүр. Меніңше, бұл да ерекше туынды болмақ. Шамамен 15 минуттық материалын көрдім – мұндайды қазақ киносы бұрын көрмеген.
Жаннат Алшанова биыл «Победителей видно на старте» фильмімен Локарно кинофестиваліне өтті. Онымен бұрыннан таныспын, оның бұл жолы не түсіргені маған өте қызық. Мен оны Қазақстандағы ең дарынды режиссерлердің бірі деп санаймын.
Жаңа есімдер үнемі пайда болып жатыр. Бұл тұрғыда Қазақстанның әлеуеті өте жоғары. Мысалы, қазір «Salem Entertainment» жас режиссер Еркежан Байжанның «Үрей» атты фильмін түсіруді бастап кетті. Оған назар аударған жөн.
– Жақында режиссер Ермек Тұрсыновтың елден кетуі мәдени ортада үлкен резонанс тудырды. Оның соңғы бірнеше сценарийі қабылданбай, тиісінше қаржыландыру да ала алмады. Өзіңіз білесіз, оның күтпеген жерден кеткеніне қатысты пікірлер екіұдай: біреулер мұны отандық кинематография үшін елеулі шығын десе, енді біреулер, керісінше, оның кино саласындағы рөлін асыра бағалайды…
– Ермек Тұрсынов жайлы мен бұған дейін де өз пікірімді бірнеше рет айтқанмын. Бұл адам кино саласында біршама деструктивті рөл атқарды. Соңғы он жылдағы осы индустриядағы даулы жағдайлардың көбінің басында тұрды деуге болады. Шынымды айтсам, оның кеткеніне қуаныштымын.
– Соңында әлемдік блокбастерлерді қазақ тіліне дубляждау туралы сұрамай кете алмаймын. Иә, жыл сайын екі-үш фильм қазақ тіліне аударылады – оның өзі Голливуд киностудияларының қаржысы есебінен. Сонымен қатар, қазақтардың фильмдерді ана тілінде көргісі келетінін үрдісті байқап отырмыз. Сіздің ойыңызша, алдағы уақытта Қазақстандағы «кино тілі» тұрғысынан жағдай қалай өзгереді?
– Жоқ, мен «екі-үш фильм» дегенмен келіспеймін. Шын мәнінде, қазақ тіліне дубляждалатын картиналардың саны өсіп келеді. Халық та ондай фильмдерге көбірек бара бастады. Өйткені, осыдан он жыл бұрын ғана бұл бастама көтерілген кезде, қазақша нұсқадағы әлемдік блокбастерлердің көрсетілімдері тым аз болатын, сондықтан адамдар ондай сеанстарға бармайтын. Қазір тенденция өзгеріп келеді. Қазақ тілінде сөйлейтін адамдар көбейіп жатыр. Қазақ тілінде кино көргісі келетіндер де артып келеді. Сол себепті бұл бағыттың болашағы бар деп ойлаймын. Бізде дубляж саласында қазақша да, орысша да тамаша жұмыс істейтін маман бар. Мен дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевты айтып отырмын. Өте дарынды маман деп санаймын, оған бұл бағытта үлкен табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан:
Темірлан Құсбаев,
BM.KZ
