Әлеуметтік желіде мектеп оқушыларының төбелесінің видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оқиға Түркістан облысында болған. Бейнежазбада екі жеткіншек өздері қатарлас баланы ұрып-соғып, басынан, бетінен тебеді. Одан ақша бопсалап, енді өз ауылына келмеуін талап етеді.
«Черняевкада екінші жүрмеймін де, қарыздарды қашан қойып тастайсың… Ақшаң керек емес, Черняевкадан вообще көрінбе, түсіндің бе», — дейді баланы таяқтың астына алған жеткіншектің бірі.
Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Қалдарбеков Асылжан оқиғаның Сарыағаш ауданында болғанын мәлімдеді. Қазір бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталды, олардың барлығы полицияға жеткізілді, тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Бүгінгі таңда жанжалдың шығу себептері анықталуда. Жәбірленуші анасымен бірге тұрады, ата-анасы ажырасқан. Күдіктілер де сол ауылдың тұрғындары, 7 және 9 сынып оқушылары. Жанжалға қатысушылардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Ал оқу орындары басшылығы мен ұстаздардың жауапкершілігі әкімдік жанындағы арнайы комиссия отырысында қаралады. Іс департамент бастығының бақылауында», — деді ведомство өкілі.