Қашаған кен орнын барлайтын North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясы «Каспий теңізінде мұнай төгілген» деген ақпаратты жоққа шығарды
Компания теңіздегі нысандары әдеттегі режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
NCOC консорциумының мәліметінше, 2024 жылғы 30 наурызда SENTINEL-1A және 2024 жылғы 2 сәуірде TerraSAR-X спутнигінен түсірілген суреттерде Каспийдің солтүстік аумағында, оның ішінде Қашаған кен орнындағы D аралынан солтүстікке қарай орналасқан шағын аймақта табиғи құбылыс байқалған. Келесі күндері түсірілген суреттерде мұндай құбылыс көрінбегенін айтты.
Компания D аралы маңындағы алаң тексерілді, мұнай төгілгенін не ағып кеткенін растайтын белгілер анықталмады деді.
Бұған дейін «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығы ғарыш мониторингі мәліметтеріне сүйеніп, Қашаған кен орнында мұнай төгілген деп мәлімдеген. Орталық директоры Галина Чернова Facebook-тегі парақшасында шамамен 7 шаршы шақырымға жайылған мұнай Каспий теңізінің солтүстігіне қарай жылжып бара жатыр деп жазды.