BM.KZ тілшісі қаржы сарапшысы Әсем Ысмағұловамен (суретте) сұхбаттасып, ҚҚС өсімінің себебін, инфляцияға әсерін және оның қазақстандықтарға қалай ықпал ететіні туралы сұрады.
Қазақстан Ұлттық банкі 2025 жылғы 8 қазанда өткен Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет отырысының қорытындысы бойынша базалық мөлшерлемені жылдық 18%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.
Базалық мөлшерлеме дегеніміз не?
Неліктен мөлшерлеме дәл қазір көтерілді?
– Қазір бізде инфляция өте жоғары деңгейде. Егер Ұлттық банктің ресми сайтына кірсеңіз, жылдық инфляция шамамен 13% екенін көресіз. Ал олардың нысаналы деңгейі — 5%. Яғни, біз жоспарланған межеден екі есе асып кеттік, — дейді қаржы сарапшысы Әсем Ысмагұлова.
Оның айтуынша, инфляцияның шарықтауына келесі жылы ҚҚС өсуінің күтілуі әсер еткен.
– Қарапайым тұрғыдан айтсақ, егер менде ақша болып, келесі жылы бәрі қымбаттайтынын білсем, мен де қазірден бастап қажет заттарды алдын ала сатып алар едім, – дейді Әсем Ысмағұлова.
– Мысалы, біреу пәтер алуды жоспарлап жүрген болса, ол келесі жылы ҚҚС енгізілгеннен кейін бағалар шамамен 16%-ға өсетінін түсінеді. Сол себепті сатып алуды кейінге қалдырмайды. Дәл осылай құрылыс компаниялары да материалдарды қазірден сатып алуда, өйткені кейін қымбаттайтынын біледі. Сөйтіп, ҚҚС әлі көтерілген жоқ, ал инфляция қазірдің өзінде үдей түсті, себебі барлығы болашақтағы қымбатшылықтан бұрын қамданып, тауар мен шикізатты жаппай сатып алып жатыр, — дейді сарапшы.
ҚҚС өсімі неге соншалықты «сезімтал»?
Қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуі баға түзілімінің барлық деңгейіне — өндірушіден бастап дүкен сөресіне дейін әсер етеді. Салық артқан сәтте тауардың өзіндік құны қымбаттайды, ал соның салдарынан тұтынушы төлейтін соңғы баға да өседі.
Әсем Ысмағұлова мұны былай түсіндіреді:
«Қазір құрылыс саласы ҚҚС-тан босатылған, сондықтан салық енгізілген соң пәтер бағасы шамамен 16%-ға қымбаттайды. Ал басқа тауарлар бойынша бәрі олардың экономикалық қызмет түрлерінің тізіміне ену-енбеуіне байланысты. Бұған қоса, тағы бір инфляциялық қысым бар — ол теңгенің құнсыздануы. Соңғы айларда доллар мен еуроның бағамы айтарлықтай өсті».
Базалық мөлшерлеме — экономикалық қалқан
Соңғы айларда теңге бағамы айтарлықтай әлсіреді: доллар 500 теңгеден жоғары, ал еуро шамамен 530 теңге шамасында тұрақтап тұр. Импортқа тәуелді экономика үшін бұл бірден бағаға әсер етеді — бизнес шығындары мен тауарлардың құны өседі. Осындай жағдайда базалық мөлшерлемені көтеру тек инфляцияға қарсы құрал ғана емес, сонымен қатар ұлттық валютаны қорғаудың бір тәсілі.
«Мөлшерлеменің өсуі әрдайым ұлттық валютаға оң әсер етеді, себебі бұл девальвацияны тежеудің ақша-несие тетігі. Ресей де осындай саясат ұстанған еді. Айтпақшы, бүгінгі жағдай бойынша доллар бағамы өткен аптамен салыстырғанда сәл төмендеді», — дейді Әсем Ысмағұлова.
Экономикада айналымдағы ақша көлемі тым көбейіп, адамдар мен компаниялар белсенді түрде шығындалғанда — баға өседі. Бұл үдерісті баяулату үшін мемлекет ақшаны «қымбаттатады»: базалық мөлшерлемені көтереді, соның салдарынан несие алу қиындайды. Мұндай шара сұранысты суытып, адамдарды және бизнес өкілдерін сатып алуды кейінге қалдыруға итермелейді, ал инфляция баяулай бастайды.
«Инфляцияның шарықтауы — адамдардың шектен тыс тұтынуынан болады. Кейде мүмкіндігі болмаса да, бәрібір шығындалады. Мемлекет мұндай жағдайға қалай ықпал ете алады? Ақшаны қымбаттату арқылы. Бұрын адам 14–15% мөлшерлемемен ипотека ала алса, енді 20%-дан жоғары болған соң ойлана бастайды. Сатып алу азаяды, нарық салқындайды, инфляция бәсеңдейді. Базалық мөлшерлемені көтеруден үкімет дәл осындай нәтиже күтеді», — дейді Ысмағұлова.
Оның сөзінше, Ұлттық банк бұл шешімнің әсерін қадағалайды және егер нәтиже әлсіз болса, қараша айында тағы да мөлшерлемені көтеру мәселесін қайта қарауы мүмкін.
«Экономика — циклдік жүйе. Егер инфляция шамадан тыс баяулап, экономикалық белсенділік төмендей бастаса, мемлекет қайтадан ақшаны арзандатады — яғни мөлшерлемені төмендетеді. Мұндай шешімдер шамамен әр 1,5 ай сайын қаралады, сондықтан Ұлттық банк жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр», — деп түйіндеді сарапшы.
Халықты не күтіп тұр
Базалық мөлшерлеменің көтерілуі – экономиканың «ақша айналымы баяулай бастады» деген белгі. Бұл халықтың байып кеткенін білдірмейді, керісінше – енді ақша қымбаттайды: кредит алу қиындайды, ал депозиттердің пайызы артқанымен, ол тек бағаның өсуін сәл ғана теңестіруге мүмкіндік береді.
«Қазір үрдіс мынадай – бәрі қымбаттай береді. Артықшылығы – депозиттер 18% жылдық мөлшерлемемен ұсынылады. Соңғы 25 жылда мұндай жоғары пайыз болмаған. Бірақ жоғары инфляция жағдайында бұл табыс тек бір қалыпта тұруға жетеді. “Алиса ғажайыптар елінде” фильмі есіңізде ме: орныңда қалу үшін екі есе жылдам жүгіру керек. Біздің де жағдайымыз тура сол секілді», – дейді Әсем Ысмағұлова.
Инфляцияның жоғары, теңгенің тұрақсыз кезеңінде көптеген қазақстандықтар ақшаны қайда сақтау тиімді екенін ойластырып жүр. Сарапшы бұл жағдайда тәуекелі тым жоғары емес, бірақ депозиттен сәл көбірек табыс әкелетін балама қаржы құралдарын қарастыруға кеңес береді.
«Халыққа капиталды сақтау үшін депозиттен жоғары табыс беретін, бірақ шектен тыс тәуекелі жоқ басқа қаржы көздерін іздеу керек. 200–300% уәде беретін жобаларға сенуге болмайды», – деп түйіндейді Ысмағұлова.
Ұлттық банк қиын жағдайда
Базалық мөлшерлемені көтеру – халық үшін ауыр, бірақ қажет шешім. Сарапшы Әсем Ысмағұлованың пікірінше, қазіргі таңда Ұлттық банктің алдында өте күрделі міндет тұр: теңгені ұстап тұру, инфляцияны тежеу және сонымен бірге әлеуметтік шиеленісті болдырмау.
«Мен Ұлттық банктің жұмысын төмендетуден аулақпын. Шынында да, олар өте қиын жағдайда: ақшаның құнын сақтау керек, қоғамда кернеу туғызбау керек, әрі гиперинфляцияға жол бермеу қажет. Түркияның тәжірибесін алайық — лира қатты құнсызданды, ал гиперинфляциядан шығу оңай емес. Сондықтан Ұлттық банк қабылдап отырған шаралар ауыр болса да, менің ойымша, дұрыс. Иә, мүмкін бұл қадамдарға ертерек бару керек еді – сонда салдары жұмсақ болар ма еді. Бірақ теория жүзінде айту оңай. Бұл халықтың қалтасына әсер ететін үлкен мәселе», – дейді Ысмағұлова.
Оның айтуынша, тек ақша-несие саясатының (монетарлық шаралардың) өзі жеткіліксіз. Инфляцияны түбегейлі тежеу үшін мемлекеттік шығыстарды қайта қарау және оңтайландыру қажет.
«Шын мәнінде, бізге мемлекеттік шығындарды азайтып, тиімділігін арттыру керек. Артық шығындар бар екені анық», – деп қорытындылады сарапшы.
Мәселенің өзегі де осында — Ұлттық банк инфляцияны тоқтатуы тиіс, бірақ сонымен бірге экономиканы тұншықтырмауы керек.
Диана Ыдырыс
BM.KZ
