Осыдан 23 жыл бұрын қоғам қайраткері Хасен Оралтай Азаттыққа берген сұхбатында әйелдің қоғамдағы орны және көп әйел алу туралы ойларын ортаға салған. Қазақстанда кейінгі 5-15 жыл шамасындағы тұрмыстық зорлық және отбасыдағы жанжал статистикасы өсе түскен. Зардап шеккен әйелдерге көмек қолын созуда да өрескел кемшіліктер бар.
Азаттық радиосында ұзақ жыл қызмет атқарған, Азаттықтың қазақ бөлімін басқарған Хасен Оралтай 2001 жылы 1 сәуірде радионың «Әлем және әйелдер» бағдарламасына қатысқан. Оның айтуынша, қазақ ортасы халықтық тұрғыда әйелдерді жақсы сыйлаған.
«ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЖАНҚИЯРЛЫҒЫН КӨРДІМ»
Хасен Оралтай қазақтар Шығыс Түркістаннан Гималай асып ауған кездегі әйелдердің ерекше жанпида, жанкешті қасиетін көзбен көргенін айтады. Ол – 20 ғасырдағы жаугершілікті өткергендердің бірі.
«Менің өмірімнің көп бөлігі ауыртпалықпен өтті. Гималай асып, Такламакан шөлінен өткенде қазақ әйелдерінің жанқиярлығын да көрдім. Жау қуып келе жатады. Еркектер оларды тойтаруға кеткенде, әйелдер лезде жүкті артып жөнеледі. Бір жерге барып түсе қаламыз. Еркектер шолғынға кеткен, немесе жауға кеткен. Әйелдер жүк түсіріп, тезек теріп, қыста қар ерітіп, шай қойып тамақ әзірлеп жатады. Сол кезде еркектер де әйелді жақсы сыйлаған, жоғары бағалаған. Әрине, ішінара кейбір сөдегей жағдайлар болуы мүмкін. Оның бүкіл халыққа қатысы жоқ», – дейді Хасен Оралтай.
Коммунистік режимде көп балалы аналарды «Батыр ана» атап, арнайы марапаттап отырған. Мұны жоққа шығаруға болмайтынын айтқан Хасен Оралтай Советтік Қазақстандағы әйел теңдігі шынайы емес деп есептейді.
«Коммунистік уақытта әйелге теңдік берді деді. Қайдағы теңдік?! Шахтаның түбінде тұрып теңдік берді. Қазақ әйел шахтаға барып еркектермен бірге жұмыс істесе, тең екен», — деген ол совет жүйесіндегі әсірешілдікті сынайды.
2001 жылы Азаттықтың «Әлем және әйелдер» хабарында Хасен Оралтай өзі мекендеген Германияда әйелдерге жасалған мүмкіндік, әлеуметтік шара туралы да айтып өткен.
«Өзім тұратын Германияда халық саны тоқырап қалды деп халық санын арттыру үшін әйелдерге көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Бала тапқан әйелдер алты айға дейін толық жалақысын алып тұрады. Одан кейін жұмысқа бармаса да, баласы бес жасқа толғанға дейін әйелдер айына 600 марк – 300 доллардан астам ақы алып тұрады. Бұдан басқа, егер баласы бар әйелдер қажет етсе, үйіне көмекші қызметкер алдырта алады. Балалы әйелдер көшеде жүргенде оларға орын беру, мейірім көрсету сияқты басқа да көптеген қызмет қарастырылған», — дейді Хасен Оралтай.
«КӨП ӘЙЕЛ АЛУ ДЕГЕН – КӨПІРМЕ СӨЗ»
Осы сұхбатты жүргізген Азаттық радиосының қызметкері Нұрлытай Үркімбай сол кезде Қазақстанда әуестікпен жиі айтылған көп әйел алу мәселесі туралы да сұрайды. Хасен Оралтай көп әйел алуды ақтау үшін айтылған уәж – халық санын өсіру мүмкін емес дейді.
«Көп әйел алу деген – көпірме сөз. Көп әйел алу туралы көп әйел алып көрмегендер айтады. Мысалы, менің әкем марқұмның үш әйелі болды. Үш шешем болды. Әкемнің інісінің екі әйелі болды. «Қазақ байыса, қатын алады, сарт байыса, там салады» деген сөз тегін айтылмаған ғой. Көп әйел алумен халықтың саны көбеймейді. Қазір айтылып жүргендей сәнге көп әйел алу деген – бос сөз», — дейді Хасен Оралтай.
Кезінде өзі жұмыс істеген Азаттық радиосына берген сұхбатын Хасен Оралтай былай түйіндейді.
«Қалың мал, жасау беру дегеннен аулақ болуы керек. Батыс елдерінде қандай жақсы, екі жас келіседі. Басқалары олардың үйленуіне көмектеседі. Солардан үлгі алу керек», — дейді ол.
«ОТБАСЫДАҒЫ ЖАНЖАЛДАН ЖЫЛЫНА 500 ӘЙЕЛ ҚАЗА ТАБАДЫ…»
Азаттық радиосы 2010 жылы 11 қарашада «Уақыт бедері» хабарында отбасыдағы зорлық-зомбылық мәселесіне тоқталады. Сол кездегі статистикаға құлақ ассақ, жылына орта есеппен 500 әйел осындай оспадар әрекеттің құрбаны болатыны анықталған. Ұрып-соғудан қаза табады… Одан да сорақысы – отбасыда зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың бәрі бірдей өз құқығын талап етіп, заң орындарына жүгініп отырған жоқ.
Азаттық қызметкері Ләйлім Әубәкірова әзірлеген хабардан үзінді.
«Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда отбасыдағы жанжал салдарынан жылына 500 әйел қаза табады. Мамандар отбасыдағы жанжалға, әйелге күш қолдануға көбіне отбасының әлеуметтік жағдайы себеп болады дейді. Күйеуінің әйелін ұрып-соғуын отбасының жеке мәселесі деп қарайтын көршілері мен достары құқық қорғау орындарына шағымдануды жөн көрмейді. Ресми мәліметке қарағанда, Қазақстанда әрбір сегізінші отбасы тұрмыстық зорлықтан зардап шегеді. 2010 жылдың бірінші жарты жылында ғана әйелдерді тұрмыстық жағдайда ұрып соққан 21 мың қылмыс тіркелген», — делінген.
Әсіресе, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, мемлекеттің бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмеуі көптеген басқа да түйткілдердің туындауына себеп болуы мүмкін.
«Мамандар отбасындағы жанжал көп жағдайда тұрмыс деңгейінің төмендігінен болады деп есептейді. Әйел адам баламен үйде отырған уақытта мемлекет тарапынан қажетті жәрдемақыны ала алмауы мүмкін. Дағдарыс орталықтарының төрағасы Зүлфия Байсақова әйелдер дағдарыс орталықтарына хабарласқанымен, тек психологиялық көмек ала алатынын айтады. Оның айтуынша, жәбір көрген әйелдерді уақытша орналастыратын реаблитациялық орталықтар жоқ. Әйелдер мәселесін реттеудің бір жолы заңды күшейту керек дейді ол. 2009 жылы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы мемлекеттік кепілдік туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» екі заң қабылданған болатын. Алайда мәселе заңның қабылдануында емес, орындалуында болса керек», — делінген Азаттықтың 2010 жылғы хабарында.
ЗАҢ БАСҚА, ЗОРЛЫҚ БАСҚА
Әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан құрбан болуы, тіпті өз құқығын талап етпеуі оларға берілетін құқықтық көмектің де жартымсыздығын көрсетеді. Құқық қорғау орындары қызметкерлерінің тәжірибесіздігі де көп мәселенің сауатты түрде шешілуіне қолбайлау.
«Ең қорқыныштысы – мемлекет қаншама адамынан айрылып жатыр. Сол адамдар мемлекеттің дамуына өз үлесін қосар еді. Қазір жылына орта есеппен 500 әйел қаза болса, 10 жылда бес мың адамнан айрылу – халқы аз Қазақстан үшін үлкен көрсеткіш», — дейді Азаттық Дағдарыс орталықтарының төрағасы Зүлфия Байсақоваға сілтеп.
Заң жүзінде әйелдерді қорғау үшін де кейбір мәселелер нақты анықталмаған.
«2009 жылы қабылданған заңда тұрмыстық зорлықтың жыныстық, экономикалық, физикалық және саяси деп төрт түрі бекітілген. Ал адамдар іс барысында әйелге жасалған зорлықты тек физикалық тұрғыда болған жәбір деп бағалайды», — делінген Азаттық радиосының хабарында.
Сол кезде, яғни 2010 жылы Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға көмек беру үшін 20 дағдарыс орталығы жұмыс істеген екен.
АЛЫП ҚАШУ ҚҰРБАНЫ АРЫЗДАНБАСА, ЕШКІМ ЖАЗАЛАНБАЙДЫ
Қазақ қоғамындағы, жалпы қазақ қоғамы ғана емес, Орталық Азияда басқа да елдерде әлі де қылаң беретін қыз алып қашу, адам ұрлау әйелдер мәселесіндегі түйткілдің үлкені болып отыр. Азаттық радиосы 2016 жылғы 2 наурыздағы «Зере» аудио бағдарламасында осы туралы қозғаған. Бес жыл бұрынғы хабарда тағы да жан шошырлық статистика келтірілген, жылына шамамен 5 мың адам қыз алып қашудың құрбаны болады.
«Қазақстанда қыз алып қашу туралы нақты статистика жоқ. Дегенмен әйелдер құқығын қорғау ұйымдарының дерегінше, жылына Қазақстанда бес мыңға жуық қыздар алып қашу құрбаны болады екен. Дегенмен олардың бірлі-жарымы ғана сотқа тартылады. Қазақстан Қылмыстық кодексінің 125 бабында адам ұрлау бойынша жазаның қандай болатыны көрсетілген. Заң бойынша адам ұрлағандарды 4 – 6 жыл арасында бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бірақ ұрланған адам өзі арыз жазып әрекет етпесе, полиция ешкімді жауапқа тарта алмайды. Арыз жоқ болса, іс те жоқ, жауапқа тартылатын адам да жоқ», — делінген Азаттық қызметкері Мәншүк Асаутай әзірлеген хабарда.
Алып қашудың себептері қандай?
«Алып қашудың имитациясы деген тағы бар. Екі жастың өзара келісімімен жүзеге асатын әрекет. Оның себебі түрлі болуы мүмкін: әлеуметтік жағдайдың алуандығы, құда түсу, сырға салу, қыз ұзату тәрізді жоралғыларға кететін шығынның көп болуы. Соңғы уақытта ерте жастағы жүктілік те алып қашудың бір себебіне айналған», — делінген Азаттықтың 2016 жылғы хабарында.
Ал адам ұрлаудың кәмелетке толмағандарға қатысты тұсы заң бойынша қалай қудаланады? Заңгер не дейді?
«Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданараралық сотының судьясы Ернар Қасымбековтің айтқанына қарағанда Қазақстан заңы бойынша кәмелет жасына жетпегендермен жыныстық қатынасқа түсуге және некеге отыруға тыйым салынады. Ондайға жол берілген соң іс қарау үшін арыздың да керегі жоқ. Кәмелетке толмағандарға қатысты мұндай істе құқық қорғау органдары фактіні анықтап, іс қозғай алады. Қазақстан заңдарында 16 жасқа толғанға дейін әрқандай бір себеппен некеге отыруға үзілді — кесілді рұқсат берілмейді. Бұл туралы заңға таңба басқандай жазылған», — дейді Азаттық заңгер сөзіне сілтеме жасап.
Бұдан кейінгі уақытта және ағымда болып жатқан жағдайға қарап, жылдан-жылға тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасыдағы күш жұмсау үдей түскені байқалады. Немесе, бұрын айтылмаған түйткілдер тізбегі енді кезек-кезегімен жарияға шығып жатуы да мүмкін. Мұндай дерттің дауасы мәселенің ашық талқыланып, құқықтық тұрғыда бағалануы болса керек. Қоғам да соны талап етіп, заң үстемдігін паш ететін күнге жету – мақсат қана емес, өмір салтына айналса, қисынды.