Үкіметтің жоспары бойынша, алдағы үш жыл қатарынан қазақстандықтардың нақты табысы 2-3%-ға өсіп отырады. Бұл инфляцияны қоса алғандағы көрсеткіш. Осыған дейін номиналды табыс қана өсіп, ал нақты табысты қымбатшылық жеп қойып отырған еді. Енді сол баға өсімін тежеудің де бірнеше жолы қарастырылып отыр. Оның ішінде өңірлердегі тұрақтандыру қорларына көптеп азық-түлік сатып алып, тапшылық кезеңінен қиналмай өтуді көздейді. Алайда сарапшылардың сөзінше, бұл қорлардың жұмысына сенім жоқ.
Инфляцияны тежеудің жалғыз жолы – тұрақтандыру қоры
Халықтың нақты табысын арттыруға қатысты Үкімет жоспарын қарасақ, жұмыспен қамту мәселесінен бастап, келер жылдары ең төменгі жалақыны өсіру мәселесіне дейін бар. Осындай шаралар халықтың нақты табысын өсірмек. Тек басты кедергі дейтін инфляцияны тежеу қиын. Әсіресе, нарықты азық-түлік бағасы шарықтатып отыр. Үкімет оған өзінше шешім тапқан.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің сөзінше, тұрақтандыру қорларын, форвардтық шарттарды, өнім бағасын арзандатуға берілетін субсидияларды, сауда субъектілерімен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі келісімдерді белсенді пайдалану қажет. Азық-түлік өнімдерінің, әсіресе бүгінде импортқа тәуелділігі жоғары өнімдер өндірісін ұлғайтуға басымдық берілуі керек. Аталған шаралар азық-түлік бағасын тұрақтандырып, инфляция деңгейін төмендетуге тиіс.
Осы орайда айта кетерлік бір жайт, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша халықтың номиналды табысы 10 пайызға өскенімен, нақты табысы керісінше, 2 пайызға кемігенін айтты. Демек, нарықтағы баға өсімін қалайда тоқтату керек. Мемлекет болса, тек әлеуметтік маңызды деген 19 азық түрін реттеуге ғана қауқарлы. Ал халық жиі тұтынатын азық түрі 29-ға жетеді. Сондықтан әлеуметтік қоржын ұлғайтылуы мүмкін.
«Сол себепті мен тапсырма бердім. Дұрыстап талдау жасап, ертең керек болса осы тізімге енгізу, төрт-бесеуін. Себебі, тек тізімге енгізсек, оларды ертең қатаң бақылауға біздерде мүмкіншілік болады», – дейді Серік Жұманғарин.
Жалған статистика
Ал бағаны тұрақтандыруда Үкімет арқа сүйеп отырған тұрақтандыру қорлары 15 жыл ішінде талай жемқорлық дауына ұшырады. Оның үстіне, жалған мәлімет беріп келгені де әшкере болғаны есімізде. Биыл көктемде Ауыл шаруашылығы министрлігі картоп қоры бойынша бірқатар жалған мәліметті жайып салды. Айталық, Маңғыстау облысында 2 532 тонна деп көрсетілген, ал шын мәнінде бар-жоғы 25 тонна ғана болған. Шығыс Қазақстан облысында 1 662 тонна делінген, бірақ қоймада 35 тонна ғана жатқан. Абай облысында да 2 272 тонна деп есеп берілгенімен ішінде небәрі 183 тонна ғана тұрған.
Одан бөлек, ресми статистика бойынша, еліміздің он айдағы азық-түлік нарығы 5,1 трлн теңге. Бірақ сарапшылардың сөзінше, халықтың тұтыну көрсеткішіне қарап, қарапайым есепке салсақ, нарық көлемі кемі 12-13 трлн-ға дейін барады.

«Мұны не үшін айтып отырмын. Кез келген нарықты реттеу үшін мемлекет сол нарықтың 20 пайызына мемлекет өз тарапынан тауар енгізу керек. Сонда 15 трлн, тіпті 12 трлн теңге деп есептесек, 2,5-3 трлн теңгеге мемлекет атынан осы тұрақтандыру қорлары азық-түлік өнімдерін енгізу керек», – дейді академик, экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рақымбеков.
Бұл дегеніңіз, әрбір облыс тұрақтандыру қорларына өз бюджетінен кемі 150 млрд теңге бөлу қажет. Ал біздегі облыстар оны бөлмек түгіл, жалпы бюджетінің өзі мұндай көрсеткішке жетпейді. Демек, Үкіметтің инфляцияны тежеу жоспары құр сөз болып қалуы бек мүмкін. Ондай жағдайда халықтың табысын арттыру идеясы да қағаз жүзіндегі мәлімет болып қалмасына кім кепіл?!
Сондықтанн сарапшының сөзінше, бұл тығырықтан шығудың екі жолы бар. Біріншісі, әлеуметтік тұтыну кооперациясы. Ол дегеніміз, отбасылық ұсақ шаруа қожалықтары. Бұлар ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайызын беріп отыр. Бұл колхоздастыру емес. Әрқайсы өз бетінше жұмысын істей береді. Тек бұлардың сыртынан әлгі кооперативтер көмек көрсетіп отыру керек. Ол кооперативтер өнімін өткізу, соның орнына жанармай, тыңайтқыш, ветеренария қызметі сынды тиісті тауар әкеп берумен айналысады. Бұл әлемдік тәжірибе.
Екіншісі, азық-түлік және ауыл шаруашылығы нарығында бүкіл тізбектен қосылған құн салығын алып тастау керек. Тек сонда ғана бағанны тұрақтандыра аламыз. Өйткені, бұл нарықтың 70 пайызы көлеңкелі экономикада. Неге ресми статистика 5-6 трлн теңге деп айтады? Менің есебім бойынша, тек еттің өзі ғана 5 трлн теңге.
Егер осы салықты алып тастаса, жылына 250 млрд теңге түспей қалады. Бірақ, соның орнына автонесиеге кеткен 500 млрд теңгені қоя тұрса қайтеді?!
Ербол Тұрымбет,
BM.KZ
