Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынына қатысты облыс тұрғындарына үндеу жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Құрметті жерлестер! Өңірде су тасқыны жағдайы күрделі. Облыс орталығына үлкен су келе жатыр. Қиын сәтте ел басшылығы бізге қолдау көрсетіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облыста жұмыс сапарымен екі рет Премьер-министр Олжас Абайұлы Бектенов болды. Қазір облыста Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Васильевич Скляр тасқынға қарсы жұмыстарға басшылық етіп жатыр. Тұрғындардың өмірін сақтау — біздің басты міндетіміз», деді облыс әкімі.
Әкім өңірде су тасқыны жағдайы әлі де күрделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, су тасқынына қарсы барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Бірінші кезеңде елді мекендерден еріген суды бұру жұмыстары жүргізілді.
«Ал қазір үлкен су Есіл өзенімен өтеді. Шамамен бір-екі күннен кейін су облыс орталығына жетеді. Прибрежное және Тепличное ауылдарын, Заречный кентін су басу қаупі бар. Осы күндері біз бөгеттерді салу және нығайту бойынша тәулік бойы жұмыс істедік. Ауызсуды үздіксіз жеткізу үшін бірінші көтеру сорғы станциясының айналасындағы бөгетті нығайттық. Біздің елді мекендерді қорғау бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Алайда, бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Петропавлға қарай үлкен су ағыны келе жатыр», деді Ғауез Нұрмұхамбетов.