Әлемдегі ең үлкен Құран Кәрім нұсқасының бірін Үндістандағы құсни хатшы Мәулана Жәміл Ахмад дайындап шықты. Ұзындығы 3,2 метр, ені 2,3 метр кітаптың көшірмесін жасауға шебер екі жыл уақытын жұмсаған екен.
Шебердің айтуынша, бұл ой оған елге деген махаббаттан келген. «Ең үлкен Құран Кәрім нұсқасын дайындау арқылы мен 200 млн мұсылман тұратын Отанымыздың тұғырын биіктетуді мақсат тұттым», дейді ол.
Иә, нақышкерлікке асқан ыждағат, толайым төзім керек. Қасиетті кітапты осындай үлкен көлемде жасап шығу шебердің отанпәруар көңілінен туып отырғаны белгілі. Осы орайда хакімдер қалдырған мына хикметтің ойға оралып отырғаны: «Жаратушының адамзатқа жіберген екі Құраны бар. Бірі – хатқа түскен кәдімгі Құран. Ал екіншісі – табиғаттың сыры мен құпиясы. Анығында ең үлкен Құран – осы».