Заңның мақсаты — әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу.
«Құжат аясында Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Біріншіден, кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық қылмысын жасаған адамға оған кодекстің ерекше бөлігінде көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады. Екіншіден, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ, кодекстің 108-1 («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») және 109-1 («Ұрып-соғу») баптарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды татуласқаннан кейін қайталап жасаған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді», — деді сенатор Жанна Асанова.
Сондай-ақ, баланы өлтіргені үшін (99-бап), балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін (121-бап) Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазаларды алып тастау арқылы өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.