Мектепте тентектеу болған Төртбайды, он бір жыл оқытқан ұстазы «Сен кәззап адам болмайсын!» деп ұрсатын-ды. Оның үстіне әкесі «жұрттың баласы, әне адам сияқты тып-тыныш жүр, сен ақылмен емес, жұдырықпен ойлайсың, әй адам болмайсын!..» деп жиі айтатын-ды. Қайдан білсін Төртбайдың болашақта төрт құбыласы тең болатындығын.
Бақ шіркін адасып таздың басына, соқырдың көзіне қонатындығын. Мектепті «қотыр үшке» бітіріп, сонсоң әскерге кетті. Ел қуанды Төртбайдан құтылдық. Барсын. Таяқ жеп… Ес кіріп қайтсын деп. Жоқ, Төртбай Армияда да жәй қатардағы болмапты. Ротаны ашса алақаныңда, жұмса жұдырығында ұстапты, жұдырықпен де, ақылмен де. Сөйтіп елге келді.
-Жоғары оқу орнына түсем. Заман оқығандыкі. Заман тоқығандыкі дегенде, таңғы шәйін ішіп отырған Төртбайдың әкесі Алтыбай шайға шашалып ақия қарапты.
-Сен оқысаң, сен адам болсаң мына жоқ «тәмпіш мұрнымды» кесіп берейін,-деп таңғы шәйін ішпей қарагер атты ерттеп кете барыпты.
Содан Төртбай Астанаға кетті. Ауылға ат ізін салмай, алты жыл жоғалды. Төртбайдың құрдастары. Әкесінен:-Ағеке Төртбай құрдас жоғалды ғой деп сұраса…
-Балам оқуда, өнер-білім тоқуда,- деп шал мәтелдеп қысқа қайырады екен. Ар жағындағы дымы ішінде.
Жаздың басы. Маусымның аяғы. Төртбай күректей диплом алып, оқуын аяқтап кепті. Дипломы шіли бес екен деп ел гу ете түсті. Диплом тойланды. Киіз үй құрылды. Ас берілді. Құрмалдық… «Төртбайдың адам болатындығын әу баста білгем»,- деп алғашқы ұстазының тілі күрмеліп той үстінде ыстық ықыласымен бөлісіп ұзағынан мақтапты.
Тост көтерілді. Тілек айтылды. Шалдар сақалдарын сауып батасын берді.Төртбай қызметке тұрды. Алтекеңнің баяғыда арғы аталарымен ілігі бар, шатысы бар, сүйек тамырлас бір туысы Төртбайды тауып ап, содан Төртекең өсті де кетті.
Ауданда бір бөлімінің И. О-сы.
Аудан әкімінің кеңесшісі.
Аудан әкімінің орынбасары.
Аудан әкімі,
Облыс әкімінің үшінші орынбасары,
Облыстық қаржы департаментінің бастығы,
Министірдің кеңесшісі,
Министірдің орынбасары.
Министір…
Қысқасы, Толағай сияқты жарты жылда бір Төртекеңнің креслосы өсті де отырды. Ауылға келген сайын шағын ауыл «мына бір соғымнан қалған сүр еді, Төрте-еке Сізге бұйырған ғой дейді… мына бір семіз тоқты Сізге еді…» сыбағасыз және қалып жүрген жоқ. Жемегенің көлігіне салып береді. Бұл мәймөңке емес, жағымпаздық емес-қазақы үлгі, қазақы таным… Сыйластық. Сыйға -сый. Креслоны сыйлау емес. Қызметті сыйлау емес. Оқыған азаматты сыйлау һәм қадірлеу!
Баяғыда «адам болмайсың!..» деп кіжініп ұрсатын Алтыбай ақсақал қазір «ел ардақтысы». Ауданның «құрметті азаматы». Қысқасы мейрам сайын Алтекең орденсіз, Алтекең сыйлықсыз қалмайды. Герман соғысынан кейін туса да «тыл ардагері» деген атақты аудан әкімі аяғымен әкеп салтанатты түрде табыстапты.
Құдалық Алтекеңсіз өтпейді,
Құрмалдық Алтекеңсіз өтпейді,
Жаназада Алтекеңсіз ас ішілмейді,
Ауылдың ауызында тек Алтеке…
Гу ете түсті… Алтыбаевичты Антикор ұстапты дегенде шағын ауыл үрпие қалды. Не болды?-деп сұрап жатыр аузы жеңілдер. Білмеймін… көп жепті ғой. Миллион емес-миллиард ұрлапты-мыс қазынадан.
Миллиард дегенде елдің ауызы ашылды. Кетті ғой су түбіне деп беттерін шымшыды.
-Оның адам болмайтындығын әу баста білгем «жатырынан қағынған» деді әкесі.
-Бесігінен бүлінген деді ұстазы.
Қысқасы алты айдан соң, Төртбай шартты түрде сотталды. Қазір қайын енесінің жеке шопыры. Көпқабатты пәтер сап, құрылыс жүргізіп жатыр. Оны сатып жатыр.
-Біздің баланы аяқтан шалғысы келгендердің ісі,-деді әкесі.
-Төртбай оңайлықпен сотталмайды, өйткені ол мектепте «алғыр еді» деді ұстазы.
Қысқасы қазіргі заман Төртбайлардыкі. Так что заманың түлкі болса, ебін тауып тазы боп шал деген мәтелді ұран қылғаныңыз абзал!..
Бурабайдың Жеңісі