«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшылары 2024 жылдың II-IV тоқсандарына Enbek.kz электрондық еңбек биржасының деректер базасында бос жұмыс орындарының қысқа мерзімді болжамын дайындады. Оған сәйкес, 2024 жылы ең көп сұранысқа ие мамандықтар мұғалімдер мен орта медициналық қызметкерлер болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, биыл болжамға байланысты электрондық еңбек биржасында жарияланатын бос жұмыс орындарының саны 1,15-тен 1,3 млн бірлікке дейін болады деп күтілуде. Базалық сценарийге сәйкес осы жылы бос жұмыс орындарының саны 1,2 млн-ды құрайды, бұл 2023 жылғы деңгейден 8%-ға жоғары.
Сондай-ақ биыл бос жұмыс орындарының ең көбі Алматы қаласында, Қостанай облысында, Астана қаласында, Қарағанды және Түркістан өңірлерінде болады деп күтілуде.
Бос жұмыс орындарының ең көбі кәсіби мамандарға тиесілі.
Базалық сценарийде 2024 жылы ең жоғары сұраныс білім беру, денсаулық сақтау, басқа да жеке қызметтер көрсету, өңдеу өнеркәсібі, сауда және ауыл шаруашылығы салаларында қалыптасады.
Білім беру саласының кадрларға деген жоғары қажеттілігі елде 2000-шы жылдардың басынан бері байқалып келе жатқан бала туу көрсеткішінің артуына байланысты.
Болжамға сәйкес, 2024 жылы ең көп сұранысқа ие 10 мамандық төмендегідей:
әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері (31 мың бос жұмыс орны);
мектепке дейінгі білім беретін тәрбиешілер (27 мың);
күтім көрсететін орта медициналық персонал (23 мың);
бастауыш сынып мұғалімдері (20 мың);
үйде емделушілерге күтім жасайтын қызметкерлер (19 мың);
жаратылыстану ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері (17 мың);
математика ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері (16 мың);
бухгалтерлер (15 мың);
аспаздар (13 мың);
арнайы білім беру саласындағы өзге оқытушылар (12 мың).
Білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандары, сондай-ақ бухгалтерлер мен аспаздар ең көп сұранысқа ие болады.