Қазақстанда биологиялық анасын іздеп жүрген Жәнібек (Мұрат Савельев) алғаш рет өзін асырап алған анасымен жария сұхбаттасты. Сұхбат барысында Жәнібек Валериден неліктен баланы Арқалықтан асырап алғанын, асырап алу процесі қалай жүргенін, істің егжей-тегжейін сұрады.
4 сәуір күні Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында асырап алған анасы Валери Майоркаға келуді жоспарлап отырғанын, осы сапар барысында өзін және қазақ халқын толғандырып отырған бірнеше сауалға тікелей жауап алу мүмкіндігі туғанын хабарлап, сұрақ қоюды өтінген еді.
Жәнібектің асырап алған анасымен 6 минутты құраған сұхбаты барысында бұған дейін көпшілікке беймәлім болған деректердің беті ашылды.
Валери Қазақстаннан бала асырап алу туралы ақапартты алғаш рет Бельгиядағы таныс әйелі арқылы естіген.
Ол Арқалықтағы балалар үйінен Жәнібек туралы алдын ала ақпарат алдырып, біліп барған екен. Алайда межелі орынға жеткенде ештеңеден хабарсыз кейіп танытқан. Сол уақытта Валериден солай жасауы сұралған.
Сондай-ақ арадағылар Жәнібекті асырап алған анадан 12 мың доллар алған.
Валери Арқалыққа баруын, сол уақытта кімнің үйін паналағанын ашық айтып берді.
«Мен сені асырап алу үшін 12 мың доллар төледім. Бала асырап алу үшін ақша беру керек екенін Бельгияда білдім. Бірақ оның заңсыз екенін білмедім. Арқалықтағы балалар үйінде америкалықтардан 20 мың доллар қолма қол сұратқанын да білдім», деді Валери.
Ол Қазақстаннан бала асырау үшін екі ай бойы құжат дайындаған.
«Құрметті әке-аналар, аға-әпкелер. Асырап алған анам Валеридің атынан сұрақтарыңыз бен тілектеріңізге алғыс айтқым келеді. Бұл сұхбатта өткен оқиғалар туралы егжей-тегжейлі айтылды, сонымен қатар жаңа ақпарат та бар.
Бұл 6 минуттық сұхбатта көптеген сұраққа жауап берілді деп ойлаймын. Біз бұрын білмеген мәліметтер де шықты. Эмоционалды сәттер де болды. Құрметті достар, бұл бірнеше сауалдың жауабы. Бірақ алдағы уақытта ең маңызды сұрақтың да жауабын табамын деп үміттенемін. Анашым, сен қайдасың?», деп жазды Жәнібек.
Дана Мырзақадыр. Егемен Қазақстан