Елімізді кейінгі 30 жылдың ішінде бұрын-соңды болып көрмеген қарғын су, одан кейінгі қызыл су әбігерге салып отыр. Кейбір өңірде қауіптің беті әлі сейілген де жоқ. Осындай қиын кезеңде Қазақстан халқы зардап шеккен өңірлерге азық-түлік, киім-кешек және тұрмыстық қажетті заттармен қатар, ақшалай да көмек қолын созып жатыр. Өнер адамдары да бұл игі істен тыс қалмай 100 мыңдап қаражат жинаса, ірі компаниялар қомақты қаржы аударып жатқаны белгілі. Ал тәуелсіздік жылдары ішінде қазақтың бүкіл табиғи байлығын басып, бүгінде Форбс тізіміне кіргендер ше?
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны ауыртпалығын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдерімен және еріктілермен жүздесіп, зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударған болатын.
«Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені, олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, біраз жылдан бері отандық бақуатты жандардың тізімін елімізде шығатын Forbes журналы арнайы жүргізіп келе жатқаны белгілі. Тіпті, байлығының молдығы жайлы дерек республикадан тысқары жетіп, дүниежүзілік Forbes тізіміне кірген алпауыттар да баршылық. Айталық, осы жылғы сәуір айының басында америкалық Forbes журналы жылдағы дәстүрінен жаңылмай Жер шарындағы ең бай адамдардың тізімін жария еткен болатын. Дәл осы тізімге биыл Қазақстан бизнесінен бірден 7 өкіл кіріп отыр. Олар:
- Вячеслав Ким
- Михаил Ломтадзе
- Тимур мен Динара Құлыбаевтар
- Владимир Ким,
- Тимур Турлов
- Болат Өтемұратов.
Сонымен, биыл Вячеслав Ким Қазақстандағы ең бай адам атанып отыр. Ал әлемдік рейтингте ол 5,8 млрд байлығымен 511-орында тұр. Forbes журналы өткен жылы оның байлығы айтарлықтай еселене түскендігін атап өтеді.
Вячеслав Кимнің бизнес серіктесі Михаил Ломтадзе жаһандық рейтингте 581-орынға жайғасқан. Грузия азаматы Ломтадзенің байлығы биыл 5,3 млрд доллар көлемінде бағаланады.
Ал аталған рейтингтің 612-орнында тұрған Тимур мен Динара Құлыбаевтардың әрқайсысының байлығы 5 млрд доллардан бағаланады. Олардың негізгі табыс көзі қаржы бизнесі саналады. Forbes журналының дерегіне қарағанда, өткен жылы олардың әрқайсысының байлығы 700 млн долларға, ал, екеуінікін қоса алғанда бір жылда 1,4 млрд долларға артқан.
2023 жылы KAZ Minerals акционері Владимир Ким ең бай қазақстандық болғаны есте. Ол биыл 4-орынға сырғыған. Forbes есептеуіне қарағанда, бір жылдың ішінде оның байлығы 4,6 млрд доллардан 3,6 млрд долларға дейін кеміген. Дегенмен, Владимир Ким жаһандық рейтингте 896-орында тұр. Өткен жылы 591-орында болған еді.
Freedom Holding негізін қалаушы Тимур Турловтың байлығы 1 жылдың ішінде 3,1 млрд доллардан 3,3 млрд долларға дейін артты. Алайда, ол жаһандық рейтингте 949-орыннан 991-орынға қарай төмен сырғыды.
Forbes тізіміне кірген және бір Қазақстан миллиардері – Болат Өтемұратов. Оның байлығы бір жыл ішінде еш өзгермеген. Бірақ, жаһандық рейтингте 1 104-орыннан 1 238-орынға төмендеді. Кәсіпкердің байлығы 2,7 млрд долларға бағаланады.
Айта кетерлігі, Қазақстанда шығатын Forbes журналы 2011 жылдан бері еліміздегі ең бай және ең ықпалды бизнесмендердің рейтингін жыл сайын жеке-жеке шығарып келеді. Мәселен, ең бай бизнесмендер рейтингі 2023 жылдың мамырында, ал ең ықпалды бизнесмендер рейтингі сол жылдың қазанында шыққан болатын. Осы соңғы рейтингтердің де алғашқы ондығында жоғарыдағы жаһандық тізімдегі бай-манаптың аты-жөнін кездестіруге болады. Мәселен, қазан айында жарияланған еліміздегі ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарында Динара Құлыбаева мен Михаил Ломтадзеден басқаларының бәрі кірген және алғашқы ондықты мына кәсіпкерлер түйіндеп отыр:
- Александр Машкевич
- Нұрлан Смағұлов
- Айдын Рахымбаев
- Александр Белович
- Эуард Огай.
Александр Машкевич — Патох Шодиев, Ибрагимовтер отбасы және Қазақстан Үкіметімен бірге иелік ететін Eurasian Resources Group акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Компаниялар тобына «Қазхром» компаниясы, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, Қазақстан электролиз зауыты және басқа да активтер кіреді. Байлығы – 3,7 млрд доллар.
810 млн доллар байлығы бар Нұрлан Смағұлов «Астана групп» холдингінің негізін қалаған және оның төрағасы. Холдинг құрамына «Астана моторс» компаниясы, Алматы мен Астанадағы MEGA сауда орталықтары және МyCar жобасы кіреді.
Сегізінші орында тұрған BI Group холдингінің акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаевтың байлығы 620 млн долларға бағаланады.
Александр Белович — Bazis-A корпорациясының негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы. Бүгінде корпорацияға ұлымен бірге иелік етіп отыр. Отбасылық байлығы – 790 млн доллар.
Эуард Огайдың байлығы – 750 млн доллар. «Kazakhmys Copper» АҚ-ның 30 пайызына иелік етеді. Мұнан бөлек, 2 ұлымен бірге «Қаражыра» АҚ-ның 70 пайызына бақылау жасап отыр.
Жалпы, еліміздегі ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына жоғарыда аталған ондықтан бөлек мына кәсіпкерлер кіреді:
Шухрат Ибрагимов ERG тобында Ибрагимовтер отбасы атынан өкілдік етеді және топтың директорлар кеңесінің құрамына кіреді. Сонымен қатар, «Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ және «Еуразиялық банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Eurasian Resources Group бақылау кеңесінің мүшесі. Отбасылық байлығы — 1 млрд 320 млн доллар.
Олег Новачуктің байлығы – 615 млн доллар. Ол Nova Resources B.V.В арқылы KAZ Minerals Ltd компаниясының 36,5 пайызын бақылауында ұстап отыр.
Райымбек Баталов құрамына Raimbek Agro, «Райымбек групп плюс», City Fair Trade ltd, Raimbek Bottlers Group компаниялары кіретін Raimbek Group холдингінің иесі әрі директорлар кеңесінің төрағасы. Қазіргі уақытта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына басшылық жасайды.
Ғалымжан Есенов «First Heartland Securities» АҚ-ның 99,74 пайызына иелік етеді. Биыл «First Heartland Jusan Bank» АҚ-тың 78,73 пайызын иелігіне алды. Оның иелігінде мұнан өзге де бірнеше компания бар. Байлығы – 435 млн доллар.
Еркін Тәтішев — 2002 жылы құрылған және Канада, Қытай, Израиль, Вьетнам Украина, Грузия, Сингапур, Түркия және Қазақстанда жұмыс істейтін Kusto Group компаниясы иелерінің бірі және директорлар кеңесінің төрағасы. Байлығы – 338 млн доллар.
Дінмұхамет Ыдырысов Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істейтін «Қазақстанның коммуналдық жүйесі» ЖШС-іне, Ordabasy Group компаниясына иелік етеді. Өзге де компанияларда үлесі бар. Байлығы – 490 млн доллар.
Бақытбек Байсейітов «ЦентрКредит банкі» АҚ-ның 48,47 пайызын иеленеді. Өзге де активтерде үлесі бар. Байлығы – 392 млн доллар.
Данияр Әбілғазиннің отбасы «Sinooil», «PetroRetail» «Mercury Service Company» серіктестіктеріндегі үлеске ие. Байлығы – 290 млн доллар.
Айдан Кәрібжанов – «Visor Kazakhstan» ЖШС-нің мажоритарлық иесі. Сонымен қатар «Aua Energy», «Greencity KZ», «Northern Wind Kazakhstan», «Aspan Energo» және жел электр стансаларынан электр энергиясын өндірумен айналысатын «Sarma Energy» компанияларында үлесі бар. Байлығы – 226 млн доллар.
Кеңес Рақышев «Fincraft Group» ЖШС-не иелік етеді. Аталған компания арқылы құрамына «SAT Nickel» және «SAT Petrochemicals» компаниялары кіретін «Fincraft Resources» АҚ-ның 78,39 пайызына иелік етіп отыр. Өзге де компанияларда үлесі бар. Байлығы – 570 млн доллар.
Александр Клебановқа құрамына «Павлодарэнерго» АҚ, «Севказэнерго» АҚ, «Ақмола электр желілерін тарату компаниясы» АҚ кіретін «ЦАЭК» АҚ-тың 47,10 пайызы тиесілі. Байлығы – 398 млн доллар.
Sulpak пен Alser сауда желілерінің мажоритарлық үлесіне иелік ететін Алмас Сұлтанғазиннің байлығы – 182 млн доллар. Оның өзге де компанияларды үлесі бар.
Серікжан Сейітжановтар отбасына «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіп корпорациясы тиесілі. Олар осы корпорация арқылы көптеген компанияға иелік етеді. Сонымен қатар, Rixos Khadisha Shymkent, Rixos Turkestan қонақ үйлері, Satti Zhol жанар-жағармай құю стансалары желісі, Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Инновациялық-техникалық коллежді де осы отбасының иелігінде. Байлығы – 360 млн доллар.
Арманжан Байтасовтың құрамына MuzzOne телеарнасы, «Бизнес-FM» радиостансасы, Businessfm.kz сайты, Forbes Kazakhstan және Forbes Georgia журналдары кіретін Tan Media Group пен United Media Group компанияларында үлесі бар. Байлығы – 89 млн доллар.
Берік Қаниев құрамына мұнайсервис, құрылыс, тау-кен, фармацевтика салаларында компаниялар кіретін Lancaster Group акционері және директорлар кеңесінің төрағасы.
Андрей Лаврентьев құрамына «Агромашхолдинг» ЖШС мен «Сарыарқаавтоөнеркәсіп» ЖШС кіретін «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ-ның акционері және директор кеңесінің төрағасы. Өткен жылы ол «Қармет» комбинатын сатып алған болатын.
Эдуард Ким Қазақстан мен Қырғызстанда Technodom желілері бар «Technodom Оperator» АҚ негізін қалаушы әрі иесі. Өзге де компанияларда үлесі бар. Байлығы – 279 млн доллар.
Қанат Көпбаев Kusto Group PTE Ltd басқарушы директоры. Қазақстанда топтың иелігінде мынадай компаниялар бар: «Kazpetrol Group» ЖШС, Compass жанар-жағармай құю стансалар желісі, «Kusto Home» ЖШС, «Semey Tannery» ЖШС, «KazCenosphere’s» ЖШС. Байлығы – 169 млн доллар.
Сайдулла Қожабаев – Alageum Group компаниясының мажоритарлық иесі. Компания құрамына, Кентау, Орал, Ақтау, Алматы, Шымкент қалаларындағы трасформатор зауыттары кіреді. Байлығы – 170 млн доллар.
Елдар Әбдіразақов құрамына «Коммеск-Өмiр», «Сентрас Коммеск Life», «Сентрас Иншуранс», «Сентрас Секьюритиз», «Сентрас Капитал» «Сентрас» венчурлық қоры» компаниялары кіретін Centras Group холдингіне иелік етеді.
Қайрат Итемгеновке «KBI Energy», «Satti Logistics» серіктестіктері, Greenhouse-Qaztomat жылыжай кешені, Мәскеудегі Mövenpick және Pana қонақ үйлері, Алматыдағы Novotel Living, Ibis Style қонақ үйлер желісі тиесілі. Байлығы – 323 млн доллар.
Эльдар Сәрсенов 2021 жылы «JP Finance Group» ЖШС-нің жалғыз иесі болды. Аталған компания арқылы бизнесен «Нұрбанк» АҚ-тың 87,87 пайызын иелік етіп отыр. Отбасылық байлығы – 950 млн доллар.
Марғұлан Сейсембаев Asadel Partners PEF Pte Ltd басқарушы серіктесі. Сол арқылы «Алель Агро», «Tamos Education» сынды компаниялардың үлесіне иелік етеді.
Қайрат Мажибаевқа Ресей мен Қырғызстанда еншілес компаниялары бар «RG Brands» АҚ-ның 98,05 пайызы тиесілі. Байлығы – 185 млн доллар.
Бахаридин Аблазимов – «ҚазАзот» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар еліміздегі бірқатар компанияда үлесі бар. Байлығы – 238 млн доллар.
Серік Толықпаев – құрамына құс етін өндіру және қайта өңдеу, сату саласында 15-тен астам кәсіпорын кіретін Aitas KZ компаниялар тобының мажоритарлық акционері. Байлығы – 202 млн доллар.
Фаррух Махмудов Orbis Kazakhstan компаниялар тобының негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы. Топтың еліміздің 12 қаласында 46 автоорталығы бар. Байлығы – 385 млн доллар.
Ерлік Балфанбаев Alina компаниялар тобының негізін қалаған. AlinEX, Alina Paint, «Наши», Norma, Decorex, G-EX сынды брендтер кіреді. Байлығы – 165 млн доллар.
Иван Сауэр «Родина» агрофирмасы» ЖШС-нің иесі әрі бас директоры. Сонымен қатар ол «Астана-Нан», «Тастақ», «АФ-Отан» ЖШС-леріне иелік етеді.
Айдарбек Ходжаназаров – «Alto Logistics» ЖШС иелерінің бірі. Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы.
Бауыржан Оспанов «TSC Service» және «Koksu Hydro» ЖШС-леріне иелік етеді.
Ораз Жандосов – «Ракурс Консалтинг Груп» және «Eneverse KunKuat» компаниялары иелерінің бірі. Сонымен қатар, ол бірқатар компанияның директорлар кеңесінің мүшесі.
Александр Дериглазов «Меломан/ Marwin» сауда желісінің, «Комфорт» үйге арналған тауарлар гипермаркет желісінің және «Бірінші қазақстандық музыкалық баспа» ЖШС-нің иесі. Байлығы – 87 млн доллар.
Владимир Денисов – «Scat» әуе компаниясы» АҚ президенті және мажоритарлық акционері. Ол осы компания арқылы Тараздағы Әулие ата халықаралық әуежайына және өңірлік әуе рейстерімен айналысатын «Оңтүстік аспан» АҚ-ға бақылау жасайды. Сонымен қатар, компания Мысырдың Red Sea Airlines әуе компаниясының 40 пайыз акциясына иелік етеді.
Рустам Қарағойшин «Қазақстан астық консорциумы» ЖШС-ның басшысы, «Ushtobe Et» ЖШС-ның иесі. Сонымен қатар, «QZQ Development», «KTK Group» ЖШС және Kazakh Agro Production жеке компаниясы иелерінің бірі.
Марат Сәрсенов Вагон паркі 10 мың вагон, теміржол тасымалымен айналысатын «Исткомтранс» ЖШС-нің мажоритарлық үлесіне иелік етеді. Байлығы – 105 млн доллар.
Раушан Сағдиева «Vector Enterprise» және «FCI Management LLP» ЖШС-леріне иелік етеді.
Марат Баққұлов Қазақстан мен Татарстанда өндірістік желдеткіштер шығаратын «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС-не иелік етеді.
Алмас Құдайберген – Centrasia Group компаниясының негізін қалаушы әрі басқарма төрағасы. Топ құрамына Қазақстан, Ресей, Түркия және Грузиядағы ірі мұнай жобаларында жұмыс істейтін компания кіреді.
Алмас Чукин Visor инвестициялық компаниясының басқарушы серіктесі. Сонымен қатар, «3 Элемент» ЖШС-не иелік етеді.
Бұған дейін, қазақстандық бизнес су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек беріп жатқанын бір шолып өткен едік. Сондай-ақ QazaqGaz су тасқыны болған аймақтарға көмек ретінде 1 млрд теңге, Kusto Group 400 млн теңге бөлетіні, «Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккен 200 үйдің құрылысын қаржыландыратыны хабарланды.