«Қазақстанда әйел болғанша, Түркияда мысық болған артық»: Елде соңғы жайттарға байланысты шетелге көшіп кеткісі келетін жастар көбейген.Желіде ел болашағына сенбейтін жандардың Қазақстанда әрі қарай қалғысы келмейтіні туралы жазбасы көбейіп кетті. Бұған елдегі көптеген аймақта су тасқыны болып, 10 облыста төтенше жағдай жарияланғаны және әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ашық соты себеп болған. Олар елде әйелдердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегеніне, билік табиғи апаттардың алдын алмайтынына және әділдіктің жоқтығына наразы.
Желі қолданушылары TikTok-та #ЖаңаҚазақстан, #Салтанатүшін хештэгтерімен Қазақстанда тұрудың кемшіл тұстарын айтып, тренд жасаған.
“Егер сен Қазақстанға келетін болсаң, мұнда халыққа мемлекеттен көмек сұрағаны үшін айыппұл салатынын біл. Мұнда әйелін өлтірген адамды жарты жылдан бері жазалай алмай жатыр, ал блогерді сөзі үшін 5 жылға қамады. Мұнда ешқандай қала табиғи апатқа дайын емес кезде елтаңбаны өзгертуге миллиардтарды жұмсауға дайын. Бұл келуге тұрарлық ел ме? Әлбетте, иә, бұл – өте әдемі жер. Бірақ мұнда қалудың мәнісі бар ма? Өзің шеш! Алло, анашым, мүмкін көшіп кетеміз?» – делінген видеода.
«Мен жақында көшіп кеттім және бұл шешіміме мүлдем өкінбеймін», «Бәрі керемет, бірақ қайда көшсек болады, қай жер қауіпсіз?», «Осыдан кейін сізді де абақтыға отырғызбасын», «Қазақстанымды жақсы көремін, бірақ әрі қарай мұнда өмір сүруге қорқамын», «Мен анамды көшуге көндірдім» деп жазды желідегілер.
Сондай-ақ жастарды соңғы жағдайлар алаңдатады.
«Өз Отанымды сүйемін, бірақ билікті емес. Өйткені соңғы жаңалықтарды оқып, Қазақстанда өмір сүруге қорқасың. Мұнда жәбірленушінің өзін кінәлап, судьяны сатып алып, айыпты адамды ақтап шығу оңай» – деп жазды тағы бір қыз.
Олар өзінің әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Бишімбаевты нұсқаса керек. Осы тұста TikTok желісінде “Қазақстанда әйел болғаннан Түркияда мысық боп туған артық” деген челендж тарады. Қыздар осы жазбамен елдегі тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылық мәселесі асқынғанын, өзін қорғансыз сезінетіндерін айтқан.Түркияда бұралқы мысықты ұрып өлтірген ер адам 2,5 жылға сотталды. Бұл жағдайға барша халық наразы болып, резонанс туды. Тіпті мысық өлімінің өзі осылай алаңдатқаны көпті тәнті етті. Олар Қазақстанда әйелдер үшін де араша болатындар көп болса екен деп тілейді.
«Өзгелер жаңа телефон, көлік алғысы келсе, мен Қазақстаннан кетуді қалаймын» деген тақырыппен тағы бір пост тарады. Мұнда зорлық-зомбылық статистикасы көрсетілген.
“3 жылда 2472 бала зорланған. Ішкі істер органының есебінде 9 мың отбасы жағдайы нашар деп есепте тұр. Онда 12 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Ең көп зорлық-зомбылық Алматы облысында тіркелген, одан кейін Қарағанды мен Түркістанда. Елімізде жыл сайын күйеуінің қолынан біршама әйел қаза табады. Күніне тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 300 арыз түседі» – делінген постта.
Сондай-ақ олар инфляция деңгейі мен қарапайым халықтың жалақысы төмен дейді.
«Мен елімді сүйемін. Барлық естеліктерді бағалаймын. Бір жағынан жақындарыңның өмір сүру деңгейін, саясатты, билік пен жаңа заңдарды, тыйымдар мен қиындықтарды көргенде тынысың тарылады. Қарапайым қызметкерлерді ешкім ойламайды, әркім өз қалтасын толтырып, бала-шағасын шетелдегі ең үздік университеттерге жібереді.
Айлық 100 мың теңге, ал университетте оқу ақысы 700 мың теңге. Алға, Қазақстан! Жас ұрпақ басқа елден орын тауып, кету үшін бәрін жасап жатыр», – делінген онда.
Іші өкпе мен ызаға толы посттарға сәйкес Stan.kz тілшісі елден көшкісі келетін жаннан мұндай ойға не себепті келгенін сұрады. 23 жастағы алматылық Жанар Бақытбекова елдегі жағдайлардан және қоғамның ескі түсініктерінен мезі болғанын айтады.
“Қарапайым халықтың жағдайы күннен-күнге нашарлап кетті. Жалақы әрең өседі, өссе де, жағдай жақсармайды. Өйткені инфляция жалақыдан тезірек көтеріліп жатыр. Қымбатшылық белең алған. Су тасқынынан зардап шеккендерге жағалай ақша жинап, бөгет салып, халық өзі алдыңғы шепте жүр. Осыны сынап айтқан жан кешірім сұрап, сөзін қайтып алады. Не үшін екенін түсінген шығарсыздар”, – деді ол.
Айтуынша, Бишімбаев сотының шешімі қазақстандық қыздардың шыдамының соңғы шегі болмақ.
“Экс-министрдің өз әйелін аяусыз соққыға шыққан видеосы тарады. Осындай дәлелдерге қарамастан, ол лайық жазасын алмаса, жүктерімді жинап, елден кету керек. Себебі осындай дәлел бола тұра, ол адам жазаланбаса, өзгелер де қылмыс жасап, жазадан сытылып шыға аламын деп ойлайды ғой. Онсыз да Қазақстанда қыздарға қатысты тыйым мен шектеулер, кемсітулер көп. Зорлық көрген қызды “өзі еліктірді” дейді, зардап шеккен әйелді “тілінен тапты” дейді. Осылайша қоғам абьюзерлер мен қылмыскерлерді ақтайды. Сонда кішкентай балалар мен сәбилер ше? Мен қылмысты қылмыс деп санамайтын елде тұрудан қорқамын. Өзім болмасам да, өзімнің сіңлілерім мен қызымның өмірі үшін алаңдаймын”, – деді қыз.
Ол Еуропа еліне немесе Грузияға көшуге ниетті.
“Еуропадағы елдердің біріне көшкім келеді. Нақты қай елге екенін шешпедім. Бірақ қаржы жағына қарай ең оңтайлысы Грузия екенін білемін. Салыстырмалы түрде онда адам құқығы жақсы қорғалған. Қызметкердің еңбегі жақсы бағаланады, “әке-көке” деген түсінік жоқ”, – деді Бақытбекова.