Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті заманауи медицинада дәлелді және дәстүрлі емдеу әдістері бар екенін түсіндірді. Дәстүрлі медицина — ғасырлар бойы ата-бабаларымыз қолданған табиғи шөп-дәрі арқылы емдеу әдісі, бұл бағыттың нақты әсері ғалымдармен де дәлелденген.
«Емдік және дәстүрлі медицина қызметтерін көрсету үшін азаматтарда «дәстүрлі медицина: гомеопатия, гирудотерапия, мануальды терапия, рефлексология, шөптермен емдеу және табиғи өнімдермен емдеу» кіші түріне лицензия, сондай-ақ жоғары медициналық білім және «Дәстүрлі терапия (рефлексотерапия, мануальды терапия, су-джок терапиясы, гомеопатия, гирудотерапия, шөптермен емдеу)» мамандығы бойынша сертификат талап етіледі. Бұл ретте комитет көріпкел, бақсы, астрологтардың қызметін реттеумен айналыспайды», деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Әділет министрлігі де мұндай қызмет ведомоство құзіретіне кірмейтінін айтты. Демек, елдегі көріпкел-бақсылардың қызметі заңмен реттелмейтін болып шықты.
Ал мемлекеттік қызметшілер жұмыс барысындағы және одан тыс мәселелерін шешу үшін көріпкелдермен байланыса ала ма? Бұл сауалға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жауап берді.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңда мемлекеттік қызметшілердің жеке өміріне қатысты шектеулер жоқ. Алайда мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта қызметтік этика нормаларын сақтау керек. Жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормалар шенеуніктерге өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға, қоғамдық моральға қол сұғумен байланысты жат мінез-құлық көрсету жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Сондай-ақ агенттік жұмыс барысында мемлекеттік қызметкерлердің көріпкел, бақсылармен байланысу дерегі ресми тіркелмегенін, бұл әрекеті үшін әлі ешкім жазаланбағанын тілге тиек етті.