Желіде Алматыдағы Әл-Фараби даңғылындағы Esentai Mall сауда орталығының алдында Pepsi сусынын ұстаған бір топ жігіттердің видеолары тарады. Деректерге сай, олар бай әйелдерге қандай да бір қызмет көрсету мақсатында жол бойында тұратындықтан бұл іске полиция араласқан. Stan.kz тілшісі pepsi 0,5 ұстап ауқатты келіншектердің көлігін күткендерге қандай жаза қарастырылып жатқанын полиция департаментінен сұрап білді.
Жастар бұл әрекетті тіпті желіде челленджге айналдырған. Рepsi сусынын ұстаған жігіттердің мақсаты – жол бойында қымбат көлік мінген бай әйелдердің назарына түсу.
“Қазақстанда енді pepsi ұстағандарды ұстап, жазаға тартады. Егер сіз pepsi 0,5 литр туралы қауесетті әлі түсінбей жүрсеңіз айтайын. Жігіттер, әсіресе жастар көбіне қаланың бай-ауқатты адамдары жүретін көше бойында тұрып, pepsi 0,5 ұстау арқылы қалталы әйелдерге сигнал береді. Бұл олардың бай әйелдің көлігіне мініп, қызмет көрсетуге дайын екенін түсіндіреді”, – деді TikTok желісінің қолданушысы Әділ Рамазанов.
Азаматтың айтуынша басында мұны бәрі трендке балап, күлкіге айналдырған. Алайда кейін шынымен осылай жасайтын жастардың қатары көбейген екен.
“Тұрақта бай әйелдерді күтетіндер саны көбейіп, көзге түсе бастады. Сол себепті бұл жайт полицейлердің де назарынан тыс қалмады. Құқық қорғаушылар енді pepsi 0,5 литр ұстағандардың барлығын алып кетіп жатыр. Оларға айыппұл салып, түсіндіру жұмыстарын жүргізетіні түсінікті. Әрине полицейлердің мұндай жайттарға жылдам әрекет етуі дұрыс. Алайда нағыз керек кезде оларды таба алмай қалатынымыз өкінішті”, – деп қосты ол.
Желі қолданушылары түрлі пікір қалдырып бұл тақырыпты қызу талқыға салды:
“Шенеуніктер бәлкім өздерінің тоқалдары үшін алаңдаулы шығар”, “Онда тұрған не бар? Олар әйелдер үшін алаңдап жатыр ма әлде жігіттер үшін бе?”, “Олар кімге кедергі болып жатыр?”, “Байғұс жігіттер, мейлі тұра берсін. Әрбіреуі махаббатқа лайық”, “Сонда жай ішіп тұрсам да, айыппұл төлеймін бе?”, “Енді мен не ішемін?”, “Түнгі көбелектер ме, не дейміз бұларды?”– деді көпшілік.
Stan.kz тілшісі осыған байланысты Алматы полиция департаментінен пікір сұрап көрді.
“Құқыққа қайшы әрекеттерді болдырмау мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері аталған учаскеде профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», – деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Дегенмен айыппұл салу туралы дерек жоқ.