Биыл 3,8 млн-нан астам оқушы оқу жылын аяқтайды, оның 186 мыңы – мектеп түлегі. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасына қатысты түсініктеме берді.
«Өңірлердегі су тасқыны жағдайына және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектепте 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды» — деді Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова.
Хабарламада айтылғандай, биыл оқу жылы 34 апта, оқу 25 мамырда аяқталады. Сондай-ақ, министрліктен 11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және «Алтын белгімен» марапаттау рәсімі барлық емтихан аяқталғаннан кейін (12-15 маусым) өтетіні айтылды.
«9-11 сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен көше аралауға тыйым салынады», — деді ведомстводан.